Русский Сайттың толық нұсқасы

Алдағы жылдың ең үлкен екі оқиғасы - Универсиада-2017 мен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық қалай!?

  • AstanaTV
  • 30 желтоқсан 2016
  • 2462

Ия, расында да келер жылы жанкүйер болатын жыл. Оксана, сіз кімге жанкүйер боласыз? Геннадий Головкиннің жекпе-жегін біз ғана емес, барлық ел қарап, жанкүйер болады деп ойлаймын. Естуімше, тіпті америкалықтардың көбі - Геннадийдің жанкүйері.

Ал қысқы универсиада күнде болып жатқан жоқ, әрі біздің елде бірінші рет өткелі жатыр. Сондықтан оны да жібермей қараймыз. Бір айдан соң басталатын шараға биыл 50 елден 5 мың спортшы келеді екен.

Ия, биыл Қазақстан үшін сын сағаты болғалы тұр. «ЭКСПО-2017» көрмесінің жалауы да көтеріледі. Елдің беделі мен халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемені абыроймен атқаруға дайындық қалай жүріп жатыр?! Тілшіміз Ришат Асқарбекұлы айтулы екі оқиғаның өтуіне жауапты мекемелердің есігін қағып, ең негізгі деген ақпараттарды алуға тырысты.

Кезекті қысқы студенттік ойындарды Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылдың аяғында Брюссельде Халықаралық студенттік спорт федерациясы дауыс беру арқылы қабылдаған еді. Жастар арасында бұқаралық спортты дәріптеу мақсатында соңғы 50 жылдан бері ұйымдастырылған спорттық дода - еліміз үшін де абыройлы шара. Ең алғаш Италияның Турин қаласында алғашқы халықаралық ірі спорттық ойын өткізілген. Енді тура бір айдан кейін Алматы қаласы спорттық доданың астанасына айналмақ.

Соңғы 5 жылда үздіксіз жүргізілген дайындық жұмыстары аяқталды. Бірнеше спорттық нысандар салынып, олардың барлығы тесттік жүйеде тексеруден өтіп үлгерген. Халықаралық студенттік спорттық федерация дайындыққа жоғары баға бергенімен, кейбір кемшіліктерді түзетуге уақыт бар.

Дидар Сағадиев, Халықаралық спорттық жобалар дирекциясы жетекшісінің  орынбасары:

Қазақ мемлекетінде алғаш осындай шара өтіп жатқандықтан, шетелдік мамандарды шақырып, олардың кәсіби тәжірибесіне қарап, ерекшеліктерді ескере отырып, осындай жұмыстарды атқардық. Осы тестілік шаралар нәтижесінде, бізде бірнеше олқылықтар да табылды. Солардың орнын толықтыру үшін жұмыс жоспарлары бекітіліп, жою жұмыстары қолға алынды.

Халықаралық спорт додасына бастапқыда республикалық бюджеттен 32 млрд теңге қарастырылған. Алайда оңтайландыру барысында, шараны толықтай атқаруға 17 млрд 900 млн теңге жеткілікті деген шешім қабылданған. Ұйымдастырушылар универсиаданың логотипін, спортшыларға арналған киімдер мен еріктілерді іріктеу шараларын аяқтауға жақын. 

Алматылық қолөнер шеберлері де алдағы халықаралық шараға өздерінше дайындық үстінде. Қазір шетелдіктер ту немесе мемлекеттік атрибуттар бейнеленген кәмпиттерге таң қалмайды. Сондықтан қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық ерекшеліктеріне қарай қолөнер бұйымдарын жасайтын Әсем Қырықбаеваны сөзге тарттық. Әсем Универсиада және ЭКСПО қонақтары үшін кәдесый үлгісіндегі сыйлықтарды жасап жатыр.

Әсем Қырықбаева, қолөнер шебері:


Салтты көрсететін бұйымдарды жасап, саудалап жатырмыз. Көбіне туристер қызығып алады. Тапсырыс беретіндер де баршылық.

Көптен күткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 100-ден астам мемлекеттің өкілдері келіп, баламалы энергия көздерін қарастыратын жаңалықтарымен таныстырады. Қазақстандық өнертапқыш Марат Исекеев те айтулы шараға дайындалып жатыр. Ол көп деңгейлі жел станциясынан электр қуатын алатын қондырғы ойлап тапты. 

Марат Исекеев, өнертапқыш:

Мен өз қондырғымды шетелдіктерге де таныстырып көрдім. Олар ерекше қызығушылық танытты. Бірақ мен бұл жобаны алдағы халықаралық көрмеге дайындап отырмын. 

ЭКСПО жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашады. Баламалы энергия көздерін табу - заман талабы. Бұл бүкіл әлемді алаңдатып отырған тақырып. Дүйім жұрт көз тігетін көрмені абыройлы атқару үшін президент дайындық барысын жіті қадағалап отыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қалыптасып отырған экономикалық қиындықтарға қармастан, бұл маңызды халықаралық шараны өткізуге бел будық. Сондықтан көрмені абыроймен өткізуіміз керек. 

ЭКСПО-дан бұрын қысқы универсиада басталады. Қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і аралығында 11 күн бойы өткізіледі. Жарыстар спорттың 13 түрінен өтеді. Олардың қатарында мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг. Қосымша спорт түрлері - шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен сырғанау жарысы, бенди, яғни допты хоккей. Универсиаданың елде өтуі қысқы спорт түрлерінің дамуына сеп болмақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ