Астанада 2 жарым мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Оларға бар болғаны 6 инватакси қызмет көрсетеді. Онда да инватаксилер таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін жұмыс істейді. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдардың жүріп-тұруын айтарлықтай шектеп отыр. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құру мәселесі әлі де толық шешімін таппаған. Осы орайда, елордадағы ерекше қажеттілігі бар тұрғындар «AMANAT» партиясына жүгініп, инватакси тапшылығы мәселесін шешуге көмек көрсетуді өтінді. Олар қазір инватаксиге қол жеткізу мәселесіне ерекше назар аудару қажет, дейді.
Әсемгүл ӘБДІРАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізде инвотакси 2010 жылдан бері жаңартылмаған. Қала бойынша тек 6 ғана көлік қызмет көрсетеді. 14 жыл бұрын инвотакси қызметіне жүгінетін ерекше жандардың саны аз болатын. Қазір бұл санаттағы жандардың саны біраз өсті.
Жанат ҚАБДОЛЛА, «САРЫАРҚА» АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ИНКЛЮЗИЯ ЖӨНІНДЕГІ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ:
Біз қыста далаға шыға алмаймыз. Өйткені қар қалың, жер тайғақ, аялдамаға дейін жете алмайсың. Ал мамандандырылған арнайы такси барлығына бірдей жете бермейді. Ерекше жандарды тасуға ниет білдірген жеке таксилер бар. Биыл пилоттық жоба ретінде іске қосылған еді. Алайда олар көлікке арбасыз отыра алатындарды ғана таси алады. Менің арбамның салмағы 120 келі, әрі жиналмайды. Бұл жыл сайын қайталанып жатқан мәселе.
Партиядан көмек сұраған тұрғындарды Көлік министрлігі жанындағы жұмыс тобына мүшелікке кіргізу туралы келісім жасалды. Аталған жұмыс тобы мүгедек адамдарды тасымалдау қызметіне қатысты қолданыстағы ережелерге бірқатар түзету әзірлейді.