Русский Сайттың толық нұсқасы

"Буын сықырлату жеке ауру тудырмайды", - дәрігер жауабы

Саусақ сықырлатасыз ба? Көпшілік буынды бүгіп, оны сықырлату зиян, дейді. Жалпы, буыннан дыбыс шығаруды әркім әртүрлі мақсатта жасайды. Біреуге - әдет, енді біреуге - ермек. Күніне бірнеше мәрте қайталанатын әдет қаншалықты зиян? Тілшіміз тарқатады.

Саусақ ғана емес, жалпы, мойын, білек буындарын сықырлату көпшіліктің күнделікті әдетіне айналған. Оның зиян екені үнемі ескертіледі. Алайда қаншалықты зиян екенін ешкім дөп басып айтар емес. Ел арасында саусақ сықырлататындар көп пе? Олар оның зиянын біле ме?

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Таңертең тұрған кезде қытырлатамын. Жеті жасымнан қытырлатамын. Әлі қытырлатамын сол. –Ауырып ондай болмай ма? –Қақсайды қазір, жас келген сайын.
- Мен спортсменмін да, керек қой. Ертең ауырады кейін қартайған кезде былай жүреміз ғой.
- Переживать етіп, нервничать еткенде, қытырлатасыз, иә. –Негізі зиян екенін білесіз бе? –Жоқ, білмеймін.

Дәрігерлердің айтуынша, буын сықырлату жеке ауру тудырмайды. Алайда күнделікті қайталана берсе, өзінің зиянын тигізеді.

Ләззат ДАУЛИЕВА, №2 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ТЕРАПЕВТ ДӘРІГЕРІ:

Белгілі аурулары бар, жүйке жүйесі көп тозған адамдар болады. Соларға артрит, артрозға алып келуі мүмкін. Қалыпты адам қолын сыртылдатпайтын адаммен сыртылдататын адамды қарасақ. Онда көп әдетке айналып кеткен кісінің 50 жаста артрозға алып келуі мүмкін. Ал әдеті жоқ адамдардыкі 70 жастан кейін кейіндеу келеді.

Буындарды сықырлату кезінде жеңілдеу сезімі пайда болса, ешқандай қорқыныш жоқ, дейді травматолог дәрігер. Ал жиі қайталаудан ауырсыну сезілсе, дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.

Ерасыл БЕЙІМБЕТҰЛЫ, №6 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕДІ:

Әр буынның ішінде сол қабыршақта теріс қысым болады. Қысымға байланысты шелчок, пузырь атылуына байланысты сықырлаған дауысты естейміз. Ол негізінен норма болып табылады. Онан кейін жеңілдеу сезімі байқалады. Екі жағдай болады. Егер де олай жасаған кезде бізде ауырсыну мазаламайтын болса, негізінен проблема жоқ деп айтуға болады.

Ал мануалистер тек өз маманынан қызмет алған абзал, дейді. Олар өз бетіңмен сүйектерді сықырлатуға болмайды, екі сүйек бір-біріне мүжіліп, ауруға әкелетінін айтады.

Ардақ АКБАРОВ, МАНУАЛИСТ:

Бел ауырғаны қояды, аяқтар жеңілдейді. Алдында мазалап тұрғанның барлығы басылады. Тұрып-отыру жеңілдейді. Иілуі жеңілдейді. Қан айналым жақсарады, аяқтары жыли бастайды. Күнделікті жұмысын емін-еркін істей береді ғой.

Шетелдік дәрігерлердің бір парасы сүйек сықырлатқандар ең бірінші артритке шалдығып, кейін жүйкесіне зиян тиеді, дейді. Ал екіншілері бұл әдеттің ешқандай аурумен байланысы жоқ екенін айтады.