Русский Сайттың толық нұсқасы

«Шахан көмек» әлеуметтік акциясына еріктілер қажет

  • AstanaTV
  • 04 қаңтар 2017
  • 3013

Шахандағы зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету бойынша өтіп жатқан акцияға еріктілер тарту жалғасып жатыр. Екі күннен бері Астана тұрғындары әлеуметтік шара орталығына азық-түлік пен киім-кешек өткізуді қызу қолға алған.

Ерлан Саиров, «Шахан көмек» әлеуметтік акциясын ұйымдастырушы:

Күріш, гречка мен сыртқы киімдер көп жиналды. Енді адамдар шама-шарқы келгенше, әркім өздері қалағанын әкеліп жатыр. Оған рахмет. Бұл мемлекеттің жұмысы емес қой, жасап жатқан қарапайым азаматтар.

Ұйымдастырушылар Шаханға көмек акциясын әлеуметтік желілер арқылы жариялаған. Қаңтардың екісі күні басталған шараға 100-ден астам адам қатысты. Арасында жеке кәсіпкерлер мен қарапайым қала тұрғындары бар. Жиналған заттардың ішінде сырт киім, азық-түліктен бөлек, көрпе-жастық, бесік арбалар да кездеседі. Заттарды Қарағандыға жеткізу үшін Астана қаласы әкімдігімен келіссөз жүріп жатыр. Егер олардан хабар болмаған жағдайда, шараны ұйымдастырушылар заттарды өз қаражатына жеткізіп бермек. Алматы мен Шымкенттен хабарласқан азаматтар бар, мұндай шараны олар да қолға алмақшы, - дейді Ерлан Саиров.

Сондай-ақ, зардап шеккен отбасыларға көмек акциясы Қызылорда қаласында да басталды. Айналасы бірер сағатта  350 келіден астам гуманитарлық жүк жиналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша,  ірі ауыл шаруашылығы қожалықтары мен компаниялар өз үлесін қосып жатқан көрінеді.

Айнұр Сүлейменқызы, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Ана ретінде, кішігірім болса да, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, көмек берейік деп, қолымыздан келгенше, отбасымыздың атынан көмек көрсетуге акцияға қатысып отырмыз. Мұндай қайғылы жағдай ешқашан қайталанбасын.