Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда емхана ғимараты суға кетті

Атырауда емхана ғимараты суға кетті. Түнімен жауған жаңбыр суы екі жыл бұрын ғана жөнделген шатырдан өтіп кеткен. Қаладағы нөмірі 4-інші емханаға қарасты Жұмыскер амбулаториясында таңнан бері ақ халаттылардан да, науқастардан да маза қашты. Төбеден аққан суға шелек қойып үлгерер емес. Науқастар ем алып жатқан бөлмеден сылақтар түсіп жатқанын айтады.Басшылық түстен соң жұмысты тоқтатып, уақытша басқа ғимаратқа көшіруге мәжбүр болды. Алақандай амбулатория 19 мыңға тарта адамға медициналық қызмет көрсетеді.

Ақмарал РАХМАНОВА, ЕМДЕЛУШІ:

Кеше ауырғасын қабылдауға келдім. Келгенде немеремді бірге алып келдім. Прививкасы бар алатын. Укол алатын жерде қабыршақтанып төбе түсіп жатыр қасымызда. Әрбір жерден су тамып жатыр, бәлен шелек тұр. Төбеден түсіп жатыр. Жағдай мәз емес.

Жұлдыз БАҒЫТЖАНҚЫЗЫ, АМБУЛАТОРИЯ МЕҢГЕРУШІСІ:

Екі жыл бұрын салынған төбесі ашылып, қайта істелді. Соның өзінде де результат жоқ. Гардеробтан су кетіп, қыздардың киімінің бәрі суланды. Екпе кабинеті, гинекология кабинеті суға кетіп тұр.

Аймақта кешеден бері жаңбыр жауып, оның соңы қарға ұласты. Екі күнде бір айлық нормадан астам жауын-шашын түскен. Көше , аула, трансформаторлар суға толып, коммуналдық мекеме сорып үлгермей жатыр. Бірыңғай байланыс нөміріне бүгін түске дейін жеке адамдардан 500дей қоңырау түсіп, көмек сұраған.