Атырауда
салынғанына жарты ғасыр болған үйдің тұрғындары алаңдаулы. Бинеш Жарбосынов
көшесіндегі апатты үйде күнелтіп жатқан жандар қыс ауасында қайда барарымызды
білмейміз деп дағдарып отыр. Олар бүгін қала әкімдігінің ғимаратына жиналды.
Тұрғындардың сөзінше, желтоқсан айында
үйдегі бір подъездің төбесі опырылып құлаған. Ал тұрғындарға жергілікті шенеуніктер 2017 жылы «тұрғын үй
немесе қажетті қаражат береміз» деп
шығарып салған.
Майра
Құспанова:
Келіскендерің ақша аласыңдар, кетесіңдер, болды. Ал келіспегендерің үй
аласыңдар, күтесіңдер,- деді. Біздер «жақсы»,- дедік. Тездетіңдер енді,- деді
бізге. Жаңа жылдан кейін біз қазір келіп тұрсақ, әкім бүгін қабылдады. Қабылдауынан шығып тұрмыз. Әңгіме басқаша
болып кетті. Енді майға дейін оценка болады,- дейді.
Үміт
Қанафина:
Үйімізді
сносқа деп айтқалы 20 жыл болды. 20 жылдан бері бір де бір ремонт болған
жоқ. Әрқайсысымыз өзімізше жасап, жайлап, суымызды жасап, газ жоқ үйде,
балонмен отырмыз үйде. Енді үй төбемізге
құлап, астында адам өлуін күтпейтін шығар деп ойлаймыз.
16-шы
желтоқсан күні төбесі опырылып түскен
баспанадағы 16 пәтердің тұрғындарынан
маза қашқан. Олар билік өкілдері қоқысты жинап алған соң төбе көрсетпеді
деп отыр. 1967-ші жылы салынған баспана апатты деп танылғандықтан, жылудан да,
газдан да ажыратылған. Жергілікті атқамінерлер дайын тұрған баспананың жоқ
екенін тағы еске салды. Тек алдағы мамыр айында ғана бұл мәселе шешімін табуы
мүмкін екенін жеткізді.
Қайрат
Кенжәлиев, Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
Бұл
тұрғындарды көшіруге бос үйлер жоқ. Сол себептен бюджет қаржысына тұрғын үйлер
тұрғызылып жатыр. Құрылысы жүргізіліп жатыр, құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша, осы мамыр айларында бұл құрылыс
бітеді. Сол себептен мамыр айында қала
әкімің қаулысымен белгіленген тәртіп бар, Заңға сәйкес сонымен беріледі. Екі бөлме пәтерлі болғанда, соның
орнына екі бөлме пәтер береміз. Үш бөлмеге - үш бөлме, 1 бөлме орнына бір бөлме
береміз.