Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық ғалымдар биологиялық белсенді қоспа ойлап тапты

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2024
  • 800

Қазақстандық ғалымдар адам денсаулығын жақсартуға арналған биологиялық белсенді қоспа ойлап тапты. Тың жоба гранттық қаржыландыру негізінде жүзеге асады. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірге жобаны толық аяқтаған жоқ. Ғылыми зерттеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Ал қазір жас ғалымдар сүттен алынған сарысуды түрлі жидектермен қосып, табиғи өнімдер алуда. 

Ғалымдар университет зертханасында биологиялық белсенді қоспа жасап, оны зерттеу үстінде. Сүттен бөлінетін сарысуды сусын ретінде де, құрғақ қоспа ретінде де пайдалануға болады. Ғалымдардың айтуынша, жаңа өнім адам денсаулығын нығайтуға септігін тигізеді.

Қадыржан МАХАНҒАЛИ, ТАМАҚ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ӨНДІРІСТЕРІ ТЕХНОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

Витамин С-дан бұл 7 есе антиоксиді қасиеті жоғары болып тұр. Бұл дегеніміз, адам денсаулығындағы жасушалардың радикалды зақымдануына кері әсер етеді. Яғни, адам денсаулығына пайдалы болады. Биологиялық активті қоспа ретінде, таблетка ретінде болуы мүмкін немесе экстракт ретінде болуы мүмкін. Және де мұны біз ет және сүт өнімдеріне қосамыз.

Оқу орны қалдықсыз технологияны дамытуды көздейді. Болашақ ғалымдар ауыл шаруашылығы өнімдерінен мейлінше аз қалдық қалуын қарастырып жатыр.

Нұрай БАТТАЛОВА, ТАМАҚ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ӨНДІРІСТЕРі ТЕХНОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ МАГИСТРІ:

Сүтті толық өңдеуге жұмыс жасаймыз. Төмен баяу отта пісіреміз және одан қоюлатылған сарысуды аламыз. Оны әрі қарай кептіріп, одан келесі жолы докторлық, магистрлық диссертациялық тақырыптар бойынша өзімізге қажетті өнімдерді алу үшін әрі қарай жұмысты жалғастыратын боламыз.

Оқу орнында ғалымдар шәкірттерімен бірге өсімдік майын шығарады. Олар елімізде өсетін жидектердегі дәрумендерді сұйық майға қосып, оның тағамдық құндылығын жоғарылатқан.

Жұлдыз САТАЕВА, ТАМАҚ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ӨНДІРІСТЕРІНІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ, PHD ДОКТОРЫ:

Қоғамдық тамақтану асханалардан шыққан, пайдаланылған майларды генерациялап, техникалық және мал азыққа қоспа ретінде қолдануға екі өнім шығармыз. Қазір жабдықтарды алып, соған базаны дайындап жатырмыз.

Университет базасында 4 цех бар. Онда шұжық, нан, өсімдік майы және сүт өнімдері өндіріледі. Білім ордасында шығарылатын барлық тамақ өнімдері дәруменге бай, адам денсаулығына пайдалы, дейді мамандар.