Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде екі жүз мыңға жуық адам жұмыс іздеп шетел асқан

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2024
  • 626

Елімізде екі жүз мыңға жуық жан жұмыс іздеп шетел асқан. Жат жұрттан «жұмақ» іздеп жүргендердің басым бөлігі -жастар. Бұл -«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрлігінің ресми дерегі. Білімі мен білігі бола тұра жастар жат жұртқа неге құмартып барады? 

Шетел асып кеткендердің бірі -Мираж Ойшиева. Заңгер, халықаралық қатынастар бойынша білі бар. 4 тілді жетік меңгерген ол, қазір Ұлыбританияда құлпынай теріп, нәпақа тауып жүр.

Мираж ОЙШИЕВА, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

Сезонда миллионнан аса табуға болады. Сезон емес кезде уже бір 600-700 мыңдай табуға болады. Айлықты ол жерде жақсы алып тұрғандықтан кейін любой адам сол жерге барғысы келеді.

Былтыр жоғары оқу орнын 182 мың түлек тәмәмдап, маман атанды. Оның 82 проценты жұмысқа тұрған. Нәтиже көңіл көншіткенімен, білім грантын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін көп жағдайда жас маман айлықтың аздығынан, немесе басқа да себептермен жұмыс ауыстырады.

Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Мен 3-4 жоғары білімі бар азаматтарды білемін. Жақсы жұмысқа тұрғанына көңілі толмай жүреді. Сөйтіп олар шетелге кетуі мүмкін. Жалақы қызықтырады. Ол ауыр жұмысқа баруы да мүмкін. Бағана айттым ғой денсаулығы болып, өзінің мүмкіндігін есептеп. Бұл жердегі семьясы рұқсат беретін болса барып жұмыс істеп келсе де болады.

Осыдан бір жыл бұрын 194 мың отандасымыз жұмыс іздеп шетел асқан. Оның 162 мыңы Ресейге, 13 мыңы Польшаға, 6 мыңы Оңтүстік Кореяға және 5 мыңы Ұлыбританияға кеткен.

Жұмыспен қамту орталығы білікті кадрлар өзімізге де керек дейді. Қазір Астана қаласының өзінде 5 мың бос жұмыс орны бар.

Олжас ОМАР,  ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ:

Тек қана біздің еңбек кз порталында 5000 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Ол әр түрлі салада. Жұмыс мамандықтары жетпей жатыр, техникалық мамандар жетпей жатыр. Жалпы қызмет көрсету саласында да адам тапшы, мемлекеттік мекемелерге де маман керек.

Білімді де білікті маман- кез келген қоғамды алға бастайтын күш. Алайда соңғы 15 жылда Қазақстаннан 4 мыңға жуық маман өзге елге кеткен. Оның әр үшіншісі -жоғары, ал әр төртіншісі- орта білімді. Бұл үрдіс жалғасын таба берсе, елде кім қалады?