Русский Сайттың толық нұсқасы

"Әлеуметтік төлемдер санын азайту керек", - қоғам белсендісі

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2024
  • 540

Елімізде 4 жарым млн-ға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен әрбір бесінші тұрғын деген сөз. Жәрдемақыға бай-қуаттыларда ебін тауып, ортақтасуда. Мемлекет басшысы мұндай істерге тосқауыл қою үшін үкіметке нақты тапсырма берді. 

Осыдан үш, төрт жыл бұрын елде әлеуметтік көмек алатындардың саны 2 миллионға жуықтайтын. Ал қазір бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Басында баспанасы, астында қымбат көлігі бар азаматтардың өзі мемлекет қолдауын алып отыр. Көпшіліктің Үкіметке масыл болғанының айғағы бұл. Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыста әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуы тиіс деуі сондықтан. Жауаптыларға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қарауды тапсырды. Енді мемлекеттен жәрдемақы алатындарға талап күшеюі мүмкін.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл өте дұрыс деп санаймыз. Әлеуметтік заңнамаларда қарастырылған ешқандай әлеуметтік көмектің саны кемімейді. Бірақ көмек берілген кезде мұқтаж адамдарға ғана көмек көрсету, яғни әлеуметтік теңдікті қалыптастыру мәселесін қарастыруды тапсырып отыр. Сондықтан біз көмек сұраған адамдар шынымен мұқтаж ба, жоқ па, соған көбірек көңіл аударамыз.

Қоғам белсендісі Айша Құрманғали керсінше мемлекеттік қолдауды азайтқан дұрыс деп санайды. Әлеуметтік төлемге жыл сайын қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Сол қаржыны өндіріске бағыттап, жаңа жұмыс орындары ашылса мұқтаждық төмендейтінін айтады.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Ол ешқандай мәселені шешпейді. Керісінше соның салдарынан адамдардың төлем қабілеті төмендейді. Өндіріс дамымайды. Несие алушылар саны көбейеді. Сондықтан әлеуметтік көмек алушыларды қатаң түрде шектеу керек. Нағыз шынайы мұқтаждарға беруі керек.

Қостанай тұрғыны Құралай Төлендіқызы он баланың анасы. Ол он жылдан бері арнаулы әлеуметтік көмек алып келе жатыр. Көп балалы ана үкіметтің қолдауына дән разы. Мектепте оқитын балалары да тегін тамақтанады. Құралай Оспанова жыл басында балаларының құжатын түгел тапсырып, кейін квартал сайын тағы үш анықтама апарып беретінін айтады.

Құралай ОСПАНОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Маған айтады справканы сіздер Еговтан аласыздар деп. Цонға барсақ онда берілмейді.Оқу орталығынан аласыңдар деп жүгіртіп қоятын жағдайлр бар.Енді соның бәрін электронный қылып қойса жақсы болары еді. Үйде отырып тапсыра беретін.

Құралай секілді табалдырық тоздырып жүргендер аз емес. Бірақ, үйден шықпай-ақ қаржылай көмек алуға болады. Жыл басынан бері 31 мың адам отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақы алған. Аталған жоба арқылы ешқандай өтінішсіз-ақ әлеуметтік төлемнің 10 түрін рәсімдей алады.

Айдар ҚАСЕНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жыл басынан бері отбасының цифрлық картасы арқылы 78 мың адамға хабарлама жіберілді. Бұл жобаға еліміздің барлық тұрғыны мен 6 миллион отбасы жайлы барлық ақпарат жинақталған. Сол арқылы бала туу бойынша жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, асыраушысынан айырылу секілді мемлекет беретін қолдауды ала алады.

Жауаптылар бұл жоба арқылы азаматтар уақытын үнемдей алады дейді. Ауылда тұратын адамдар жәрдемақы алу үшін аудан орталығына барып жүруінің қажеті жоқ. СМС хабарламаға жауап берсе болғаны. Қаржы банк шотына түседі.