Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда лай көшкінінің салдарынан бүтін бір отбасы көз жұмды

Алматыда лай көшкіні жүріп, салдарынан 4 адам көз жұмды. Олардың бәрі -бір отбасының мүшелері. Топырақтың ылғалдануынан туындаған техногендік сипаттағы жылжыма екі жеке тұрғын үйді зақымдаған. Жұрттың жағасын ұстатқан апаттың себептерін әркім әрқалай топшылайды. Бірі тау бөктеріндегі заңсыз салынған үйлер десе, ендібіреуі тұрғындардың өздігіміен тартқан су құбырлары әсер еткен болуы керек дейді. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Тұрғындардың түн ұйқысын төрт бөлген сұмдық оқиға қаланың Тау Самалы шағын ауданында болды. Түнгі 2-лер шамасында лай көшкінінің астында сау тамтығы қалмаған үйді көрген көршілер дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарлаған. Есеңгіреп қалған халық әлі есін жия алар емес. Астан-кестені шыққан баспана үйінділерінің арасынан алдымен 16 жастағы жасөпсірімнің денесі табылды. Кейін оның ағасы мен ата-анасының да қаза тапқаны белгілі болды.

Максим ЕРЕМЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл хабарды таңғы 6-да естіп, бірден үй жаққа қарай келдім. Телефон шалсам, ешкім көтермеді. Бұл жанұяны жақсы танимын. Баласымен дос едім. Болашаққа жоспарымыз көп еді. Жазда мотоцикл сатып алғымыз келген. Әрі қарай не болатынын білмеймін...

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Көлемі 3200 текше метр жылжыма тұрғын үйді төңкеріп тастаған. Баспананың ішінде бүтін бір отбасы қалып қойды. Қазір оқиға орнында жедел штаб құрылды. Құтқарушылар қауырт жұмыс үстінде. Дәрігерлер бригадасы кезекшілік етіп жатыр. Үйлердің жақын орналасуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы төтеншеліктердің жұмысын қиындатуда.

Бұл оқиғаға қатысты халықтың пікірі сан-саққа жүгірді. Аймақта осындай жағдайлар жиі болып тұратынын айтады. Бұған, алдымен, тұрғындардың заңсыз үй салып, су құбырларын өздігімен тартатыны себеп болып отыр дейді.

Василиса ҚУАНЫШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өте қорқынышты жағдай. Бұл мәселе біз үшін өте өзекті. 2010 жылдан кейін ғимараттарды мемлекеттік қабылдау тоқтатылды. Содан бері таулы аймақтарда көптеген үйлер заңсыз салына бастады. Су құбырларының қалай тартылатынын да ешкім тексермейді. Бұл мәселені қолға алу керек.

Құтқару жұмыстарына 200 - ге жуық адам мен 30 техника жұмылдырылды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланып, мектеп ғимаратына орналастырылды. Оларға түнеу орны, тамақ және басқа да қажетті көмек көрсетілді. Мамандар дәл қазір қауіп сейілгенін айтады.

Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД ТЖ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:

Оқиға орнының тарлылығы мен тау баурайындағы күрделі рельефі өте кедергі келтіріп жатыр құтқарушыларға. Сосын шыны, арматура, басқа да құтқарушыларды зақымдайтын заттар өте көп. Темір, құлаған, қираған, опырылып түскен конструкциялармен күрделеніп жатыр жұмыстар.

Маңайдағы үйлердің заңдылығын толық тексеру қажеттігін аудан әкімі де айтады.

Еркебұлан ОРАЗАЛИН, МЕДЕУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жоғары жақтағы жоян сондай үйлердің себебі болуы мүмкін деген болжау бар. Кейбіреулерінде су бар, кейбіреулерінде құбырлар жоқ. Су бар үйлердің өздері де өз жолдарымен салған болатын құбырды. Баланста емес. Сондай болғандықтан, оны дер кезінде шара қолданып, мемлекет тарапынан жұмыстар атқарылмаған. Су құбыры мен кәріз жүйесін қарастыратын жоба былтырдан бері әзірленуде.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының барлық мүшелерін жерлеуді ұйымдастыру үшін көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ қазір шетелде білім алып жатқан отбасының үлкен ұлының білім алуына және елімізге келген соң өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетілетін болады.