Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда сұйылтылған газ қымбаттады

  • AstanaTV
  • 06 қаңтар 2017
  • 3551

Батыс Қазақстан облысында 1 қаңтардан бастап сұйылтылған газдың литрі 75 теңгеден саудаланып жатыр. Айта кетелік, жыл соңында газ бағасы 54-55 теңге аралығында болған еді. Газ жеткізушілер мұны Энергетика министрлігінің бағаны еркіне жіберу туралы бұйрығымен байланыстырып отыр. Өңірдегі жағдай туралы келесі материалда.

Еркін Карин, тілші:

Аймақта 42 газ құю бекеті бар. Олар Жаңа жылдан бастап көгілдір отынның әр литрін 63 теңге мен 75 теңге аралығында сатып жатыр. Құзыретті орган өкілдерінің мәліметінше, бұған газдың көтерме бағасының қымбаттауы себеп болған көрінеді.

Қуаныш Шарафутдин, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

1 қаңтардан бастап газдың бағасы өсті. "Жайықмұнай" кен орнынан алынатын газдың бағасы 23 мың теңге құраған болса, қазір 28 мың теңгеге өсті. Бұл Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес өсіп отыр. Бұрын газ бағасы 54-60 тг аралығында болса, қазір 65-75 тг арасы.

Батыс Қазақстан облысында 196 мыңнан астам автокөлік бар, соның 6 мыңдайы газбен жүреді. Бұл көліктер үшін өңірге ай сайын 2 мың 300 тонна газ бөлінеді. Ал газ жеткізушілер бағаны министрліктің бұйрығына сай өсірдік деп отыр. Алдағы күндері оның құны тағы көтерілуі мүмкін екенін айтты.

Айдос Себетов, газ жеткізуші компанияның директоры:

Энергетика министрлігі газ бағасын 20 пайызға қымбаттату туралы бұйрық шығарды. Бірақ біз 15 пайызға ғана өсірдік. Егер алдағы уақытта сатып алу немесе тасымалдау құны қымбаттап жатса, жетпей тұрған 5 пайыздың есебінен бағаны тағы өсіреміз.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Оралда бензин мен дизель бағасы өткен айда да қымбаттаған еді. Желтоқсанның басында 125 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы бензин қазір 134 теңге, ал 130 теңгеден сатылған жағармай 178 теңгеге дейін өскен.

Еркін Карин, тілші:

Айта кетейік, өңірге қажет жанармайдың 65 пайызы Ресейден әкелінеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері мұны сұйық отынның көтерме бағасы қымбаттап, тасымалдау шығыны артқандығымен түсіндіреді.

Еркін КАРИН