Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарды уақытылы шығармаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады

  • AstanaTV
  • 06 қаңтар 2017
  • 3324

Ауа райының құбылып, қардың мөлшерден тыс жаууы коммуналдық қызметтің жұмысын ауырлатып отыр. Әсіресе жер үйде тұратын азаматтардың қолынан күрек түспегеніне бірнеше күн болды. Астана қалалық әкімдігі төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып кезекті рейдтік шараны ұйымдастырды. Қаланы қардан тазартудың машақаты қашанға дейін созылмақ? Айбек Қосан айтып берсін.

Астаналық Аманжол Шайкенов биыл қар тазалауға уақыттың тым көп жұмсалып жатқанын айтады. Өзіме тиесілі учаскені уақытылы тазалап отырмасам, үлгермеймін, ауа райының ашылар түрі жоқ,-дейді қала тұрғыны. Адамдар ауладан шығарылған қарды көше бойына жинап қояды.

Аманжол Шайкенов, қала тұрғыны:

Жылдағыға қарағанда жиі күреп жатырмыз. Өйткені көбеймесін деп. Көп қар. Тазалық жағынан жақсы. Жаман емес. Жаңа жылдық алдында 31 күні тазалап кетті. 

Ақпараттық парақтарды тарату жыл 12 ай іске асырылатын шара. Онда ауладағы қарды тазалау алдымен тұрғындарға керек шаруа екендігі жазылған. Көктем келіп, күн жылығанда іс насырға шабуы мүмкін деген ескерту де жоқ емес.

Алмас Сүлейменов, Алматы ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

Халыққа жеткізу керек. Өз ауласындағы қарды далаға, көшеге шығаруға міндетті. Өйткені қар еритін болса, аула ішіндегі қар олардың үйлеріне кіреді.  

Шығарылған қарды төгуге қала сыртында 3 бірдей алаң қарастырылған. Жеке компаниялар мен кәсіпорындар аумағындағы қарды 5 метрге дейін өз есебінен тазалап қоюға міндетті. Заңдағы талап осы. Кейбір айласын асырғысы келген бизнесмендер өзі шығарған қарды өзгенің жеріне үйіп қоятын көрінеді. Қалай болғанда да, тиісті талап уақытылы орындалмаса, айыппұл салынады.

Әлия Искакова,  Астана қалалық табиғатты қорғау полициясының инспекторы:

Кәсіпкер заңмен белгіленген талаптарды орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұлдың ең төменгі мөлшері 30 АЕК көлемінде. Ал жоғарғы көлемдегі жазалау шарасы 505 баптың 1 тармағы бойынша болса 100 АЕК, 2 тармағы болса 300 АЕК-ке дейін.

Бұл күндері қар тазалау мәселесі пәтер иелері кооперативтерінің де бас ауруына айналған. Олар жеке компаниялармен келісім жасасқанын айтады.

Ержан Сағатқан, «Северное сияние» ТК пәтер иелері кооперативінің басшысы:

Камазды біз 8 мыңнан жалдаймыз бір рейсін. Ал трактордың сағаты 5 мың теңгеден. Қар көп түсіп жатыр. Үлгермей жатырмыз. 10 күнде бір камаз жалдауға тура келеді.  

Қала бойынша тазалық жұмыстарын тексеру мақсатындағы жоспарлы рейдтік шаралар ұйымдастыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Коммуналдық қызмет өкілдері, толық тазалық орнамайынша, дамыл көрмейміз деп отыр.

Айбек ҚОСАН