Кәсіби журналистика батыл да, талантты да жауапкершілігі жоғары адамдардың жұмысы. Қалам мен қағазды, микрофонды серік еткен сала қызметкерлерінің жағдайын жақсарту үшін қолымнан келгенін бәрін жасауға дайын. "Журналистік этика" тақырыбында жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді.
Бүгінде кәсіби этиканы сақтау мәселесінде әлемдік дәстүрлі журналистика біраз қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Себебі заман дамып, технология өркендеген заманда ақпарат сәт сайын өзгеріп жатыр. Бұл өз кезегінде жұртшылықтың кәсіби сапалы дайындалған, этикалық тұрғыдан тексерілген ақпарат пен шындыққа жанаспайтын фейктің ара-жігін ажырата алмауына себепші болуда. Бұл жағдай жалпы журналистикаға деген сенімнің төмендеуіне әкеліп соғуда деді,-министр Аида Балаева.
Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Цифрлық медианың үстемдік құруы қазіргі журналистикадағы этикалық дағдарыстың себепшісі болды. Цифрлық контентті барлық адам жариялай алады, оның ішінде кәсіби білімі жоқтар да бар. Шекара анық болмаған жағдайда, этикалық принциптерді сақтау, өз қызметің үшін жауап беру өте қиын.
Жиында этносаралық қатынастар, кемсіту, харассмент, суицид, зорлық-зомбылық, қылмыс сияқты күрделі және нәзік тақырыптарды, әсіресе балаларға қатысты ақпараттарды мұқият әрі асқан сақтықпен тарату мәселесі бойынша да сөз қозғалды. Заңгер Айман Омарова зорлық-зомбылық мәселелерін жариялау кезінде дәлдік пен нақтылық қажет деп санайды.
Айман ОМАРОВА, ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЗАҢГЕР:
Зорлық-зомбылықты ақпарат ретінде берген кезде халыққа, алдымен сол іске қатысқан тұлғаларменен интервью алу керек деп санаймын. Себебі басқа адамдар өздерінің естігенін, көргенін айтып отырады. Ал мына іске қатысып жатқан адамдар нақты ақпарат бере алады және де олар іске қатысқаннан кейін кімнің беріп жатқанын, қалай сөйлеп жатқанын бәрін білеміз.
Жоғары оқу орындарының студенттеріне кәсіби этиканы үйрететін тренингтер мен семинарларды журналистер мен редакторлар жиі өткізу керек. Министр осындай ұсыныс айтты.
Бұдан өзге, медиа саласындағы кадрларды даярлау мәселесі сөз болды.
Нұрбек МАТЖАНИ, "ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫ" КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Медиа және журналистика бойынша 6-шы орында тұрған Сингапурдың технология университеті медиа мамандарын оқыту барысында өңірдегі еңбек экономикасы, қала экономикасы тәрізді сол өңірдің экономикасына бағытталған пәндерді көбірек ұсынады. Дегенмен жақсы бір тенденция қалыптасып келе жатыр зерттеу нысаны болған 24 оқу орнының барлығында медиа этика пән ретінде оқытылады.
Журналистика кез-келген басқа сала сияқты түрлі тәуекелдер мен сан алуан қиындықтарға толы мамандық. Әріптестер қауіпке қарамайды, шынайы ақпарат жеткізеді, этиканы сақтауда сақ болады. Ал ақпаратты алғаш жеткізем деген кәсіби еместер салаға кір келтіріп жүр.