Ал Астанада 20 аумақты су басу қаупі бар. Құтқарушылар бұл аумақтарды ерекше бақылауға алды. Төтенше жағдай болса тұрғындарды эвакуациялайтын орын да дайын. Жағдай, әсіресе, жеке секторлы үйлер орналасқан аумақтарда күрделі.
Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:
Мына көшенің қары әлі тазаланбаған. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Қардың биіктігі шамамен тіземе жуықтайды. Алдымыз көктем. Күн жылыса мына үйлердің бәрін су шайып кетпей ме?
Айнала тау боп үйілген қар. Еңбектеп әрең жүрдім. Тұрғындар да үйге кіріп-шығу қиын екенін айтады. Ал жертөлелер қазірдің өзінде суға толған.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Жертөле суға толды. Өзіміз ақша жинап мотормен тазалаттық. Сол қар суы ғой еріп жатқан. Бірақ айнала әлі тола қар.
- Қар көп. Жол жоқ. Үйімізге әрең кіріп шығамыз. Ертең су алса, кім құтқарады? Білмейміз...
- Жан жақтың бәрі су. Қар ерісе, онда сөз жоқ. Бәріміз суда өмір сүретін шығармыз.
Биыл қар қалың. Күн жылынып, ерісе, өзендегі су деңгейі де көтеріледі. Мамандар су тасқынының алдын алу шараларын күшейтті. Қауіпсіздік үшін 1500-нан астам техника мен 2500 жұмысшы жұмылдырылған.
Мирас ТАЛҒАТҰЛЫ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
Алдын ала 7 қонақ үймен меморандумға отырылған. Ол жерде 2600 адамға орын тағайындалған. Қазіргі таңда тұрғындардан арыз шағым жоқ. Себебі әлі су тасқыны кезеңі келген жоқ. Қарлар әлі еріген жоқ.
КСМ: Еліміздегі республикалық маңызы бар жолдарда мыңнан астам көпір мен 15 мыңнан астам су өткізгіш құбыр бар. Оларды тазалау және ашу жұмыстары да қазір қарқынды жүріп жатыр.
Дәурен АМРЕНОВ, АВТОЖОЛ" ҰК" АҚ ПАЙДАЛАНУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:
Бүгінгі таңда су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталып, материалдар сатып алынуда. Оның 85 пайызы дайын. Яғни, 90% құм, 60% топырақ, 87% PGS, 67% қиыршық тас.
Қыс басталғалы елордадан 4 млн 500 шаршы метр қар шығарылды. Ал қала әлі қар құрсауында.