Қазақстандық жастардың жанары сөніп барады. Оқушылардың 80 проценті көз дәрігеріне жүгінуге мәжбүр. Бұрын көздің көру кемістігіне үлкендер шағымданатын еді. Қазір бала, тіпті бүлдіршін де қалыс қалмайды. Бұған не себеп? Көз ауруларының алдын алуға бола ма? Тілші материалында толығырақ.
5 жасар Ақмаржан "анизометропия" ауруына шалдыққан. Қарапайым тілде мұны "бір жақ көздің нашар көруі" деп атайды. Астаналық бүлдіршіннің бір қарашығы жарықтың тек 20 процентін көреді.
Айнұр ТӨЛЕГЕН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
3 жасында байқағанбыз Павлодар қаласында. Больницаға бардық сонда айтты мышцасы ұстамайды әлі кішкентай деді де қайтарып жіберді. Сонымен 4 жасында тағы да бардым. Сонда уже бізге айтты бір жақ көзі нашар көреді. Операция жасауға келмейді. 18 жасқа дейін біраз зрениясын көтеру керек деді.
Былтыр елімізде 37 мың бала көз дәрігерінің бақылауында болған. Олардың басым бөлігі миопия, глаукома ауруларына шалдыққан. Бұл диагноздар мектепке баратын оқушылардың көбінде кездеседі дейді мамандар.
Өміржан ТАУМАНҰЛЫ, ОФТАЛЬМОЛОГ:
Очки тағатын балалар көп келеді. Туылғаннан бастап ата-анасында үлкен минусы бар балаларда қараймыз, тексереміз. Туылғаннан 6 айдан кейін бір жасында үш жасында сол қараған кезде ол балаларда да минустар анықталып жатады. Жаңа туған кезінен бастап та. Негізі өте жиі келеді.
Қос жанарды жалмаған дерттер саны жылдан жылға көбейіп барады. Бұлай жалғаса берсе, 20 жылдан кейін әлемнің тең жартысы көру қабілетін жоғалтып, бір миллиардқа жуығы соқыр боп қалуы мүмкін. Оған себеп - үлкен мен кішінің смартфонға телміруі дейді психолог.
Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Біз заманауи өмірде түрлі гаджеттерді, түрлі құрылғыларды қолданамыз. Сонымен қатар, қазір балабақшаларда, мектептерде мұғалімдер заманауи тұрғыда балаларға сабақ түсіндіру үшін гаджедттерді қолданады. Слайд, презентацияларды көрсету үшін. Оның барылығы балалардың көз бұлшық еттеріне әсер етпей қоймайды.
Кей жағдайда көздің толық қалыптасуы 18 жасқа дейін жалғасады. Яғни, қос жанардың күтімі тек балалық шақпен ғана шектелмейді. Сондықтан, кәмелет жасқа толғанша баланың көзіне зиянды заттарды барынша азайтып, көз жаттығуларын жиі жасау керек дейді дәрігерлер.