Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды», - Президент

Мемлекеттік қызметке білікті мамандар жетіспейді. Жастар кадр резервінің форумына қатысқан Президент осылай деді. Енді қызметкерлерді тарту үшін жұмысқа қабылдау ережесі жеңілдетілмек. Тіпті материалдық өтемақы төленіп, мемлекет тарапынан баспана берілуі мүмкін. Басшылық қызметке, әсіресе, әйелдерді тарту көзделген. Өйткені нәзік жандылар ерлерге қарағанда жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды, - деді Мемлекет басшысы. Жастармен өткен кездесуде тағы қандай тақырып қозғалды? Аружан Задабек тоқталады.

Жастар кадр резервінде 400 маман бар. Олардың 70 проценті орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымға тағайындалған. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етеді. Жуырда қайта іріктеу басталады. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі.

Мемлекеттік қызметке білікті мамандар жетіспейді. Әрине, бұл - ел жастары білімсіз деген сөз емес. Бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина және білім саласында табысты еңбек етіп жүргендерді көз көріп жүр. Енді сол жеке секторда жүрген жастарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Ол үшін, алдымен, мамандарға жағдай жасау маңызды. Президент өтемақы мен баспана беру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрине жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын.

Қазір мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі - 55 процент. Соған қарамастан басшылық құрамдағылардың саны 39 пайыздан аспайды. Саяси қызметтегі нәзік жандылар 10 проценке де жетпейді. Президент осы олқылықтың орынын толтырып жұмысқа, алдымен, әйелдерді тартуды тапсырды. Ал жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру керегін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді.

Мемлекеттік қызметке жастар неге келмейді? Оған жауыр болған бюрократия себеп болуы мүмкін. Білікті мамандарды тартамыз десек, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Ол үшін IT саласын пайдаланып, жүйені оңтайландыру керек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны тиімді қолдану керек. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі барлық маңызды шешімдер азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс.

Қазір елдің алдында өте ауқымды міндеттер тұр. Оны орындау жас мамандардың қолында. Президент жиын соңында үнемі жастарды қолдайтынын және оларға сенетінін жеткізді.