Елімізде қант өндірісі тоқырау кезеңінде тұр. Ішкі нарықты Ресейдің арзан импорты жаулаған. Ал жергілікті шаруалар өнім сата алмай, қиналып отыр. Шұғыл әрекет етпесек, отандық өндірістен айырылып қалуымыз әбден мүмкін дейді мамандар.
Еліміздегі дүкен сөрелерінен қант жоғалып кетуі әбден мүмкін. Қазақстан қант және тамақ өнеркәсібі қауымдастығы президентінің айтуынша, былтыр жоспар толық жүзеге аспаған. Оған басты себеп- шетелден келетін "сұр импорттың" нарықты жаулауы. Халық жылына 500 мың тонна қант тұтынады. Оның 48% Ресейден келеді.
АЙЖАН НАУРЫЗҒАЛИЕВА, "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАНТ, ТАМАҚ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ" ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мәселен, 400 мың тонна қант өндіреміз, оның 70 мың тоннасы қант қызылшасынан болады дегенбіз. Бірақ, алдын ала мәліметтерге қарағанда, тек 200 мың тоннаға жуық қант өндіре алдық, соның ішінде 40 мың тоннасы қызылша шикізатынан. Неге? Өйткені, "сұр импорттың" ағыны тоқтаған жоқ. Мұның соңы қант зауыттарының өзі өндірген қантты тиісті бағамен сата алмауына алып келді.
Былтыр елімізге 290 мың тонна шекер импортталған. Оның 200 мың тоннасы Ресейдікі. Қалғаны Беларусь, Бразилия, Мексика елдерінен жеткізілген. ГРАФИКА Ішкі нарықты көршінің өнімі басқандықтан, отандық өндіріс орындары 66 мың тоннаға аз өнім өндірген, 2022 жылы – 344 мың тонна, 2023 жылы – 278 мың тонна.
Асқар ШАРИПОВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ФЕРМЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ресейден келіп нарықты жаулап жатқан жайы бар. Мен 10 пайызы десем, 50 пайыздан астамы Ресейден келеді, құрғақ қантты Бразилиядан аламыз. Соған байланысты жыл сайынғы түсімімізді 550 мың тоннаға дейін жеткіземіз.
Мәселені шешу үшін қызылша егетін отандық өндіріс орындары мен шаруашылықтарға қолдау қажет. Сонымен қатар көрші елден келетін экспортқа экономикалық шектеу қою керек дейді экономистер.
Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Ресейден келетін қантқа кеден төлемдерін көбейтіп, Оларды біздің бағамен теңестіріп, еуразиялық экономикалық шеңбердеміз ғой, одан артық шектеу қоя алмаймыз. Шекарада кеден жүйесі жоқ, содан олар алып кіре беруі мүмкін, бірақ қосымша құн салығын көбейтіп өзіміздегі бағамен теңестірсек, онда халықтың қантқа деген сұранысы көбейеді.
Қазір қант өндірісі саласын дамытудың Кешенді жоспары мемлекеттік органдардың мақұлдауында жатыр. Егер ол жүзеге асса, тұралап қалған саланың тірлігі түзеледі деген сенім бар.