Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы төтенше жағдайға зиянды қалдықтардың төгілуі себеп

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2017
  • 3085

Атырауда төтенше жағдай. Оған қаланың оң жақ бөлігіндегі кәріз суларын тазалайтын құрылғылардың істен шығуы себеп. Шаһардағы кәріз тазарту жүйесіне жауапты «Атырау су арнасы» мекемесі болса, Экологиялық кодексті белден басып, коршаған ортаға рұқсат етілген нормадан тыс зиянды қалдықтарды төгіп келген. Тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы табиғатқа келтірілген залал мен  кәріз тазарту қондырғысының қашан салынатынын білді.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Алдымен дабыл қаққан экологтар. Тұрғындардың шаһардағы жағымсыз иіске шағымы бойынша жоспардан тыс тексерген олар оң жақ жағалаудың кәріз тазарту құрылғыларының іс жүзінде жұмысқа жарамсыз екенін анықтаған. Нәтижесінде кәріз жүйесіндегі сарқынды сулардың өткен жылдың басынан бастап 9 ай бойы жер бетіне төгілгенін анықтаған. Сынама төгіндідегі зиянды заттардың рұқсат етілген мөлшерден жүз есе артық боп шықты,- дейді экологтар.

Жолдасқали Телеағысов,  Атырау облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Нормадан асып төккеніне байланысты зиянды заттектердің артуы анықталып отыр. Он еседен жүз есеге дейін анықталып отыр. Бұл жөнінде осы тұрғыда экология тарапынан "Атырау су арнасына" Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 бабы, 331 бабы бойынша 17 млн теңгедей айыппұл салынды. Қоршаған ортаға келтірілген залал бойынша 77 млн теңгедей айыппұл салынып отыр.

Экологтың айтуынша, құбырға жауапты «Атырау су арнасы» кәсіпорны Экологиялық кодексінің үш бірдей бабын белден басқан. Сол үшін мекемеге 100 млн теңгеге жуық айыппұл салынды деп отыр. Бірақ суға жауаптылардан қандай бір ақпарат алу мүмкін болмады.

Андрей Ташлыков, «Атырау су арнасы» КМК директоры:

-А вы согласны со штрафом?- Я пока не могу комментарий давать. - А почему вы не предупредили, что КОС не работает?

Есесіне қаланың бас коммуналшысы айыппұлдан хабардар. Қалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай ресми жарияланғанын айтып, қондырғы құрылысына тез арада кірісеміз,- деп отыр.

Серікбай Қазиев, Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Бұл біз үшін өте күрделі мәселе. Сондықтан қазір жедел арада оң жағалауда канализациялық тазалау қондырғыларын салу қажет болып тұр. Құрылыс бөлімі жобалау-сметалық құжаттарын дайындап жатыр. Қондырғы аз уақытта салынады деп отырмыз. Бұл қала үшін өте маңызды. Ал «Атырау су арнасына» экологиялық залалы үшін айыппұл салынады.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Қала үшін маңызды қондырғының нақты қашан пайдалануға берілетіні белгісіз. Қазір жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал шаһардағы техногенді төтенше жағдай әзірге сақтаулы. Оның қашан алынатыны белгісіз.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ