Русский Сайттың толық нұсқасы

Тәтті сусын өндірушілерге қосымша салық салынуы мүмкін

Елімізде тәтті суындарға қосымша салық салынуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Өйткені балалар арасында қант диабеті мен семіздік көбейген. Дертке шалдыққан оқушылардың саны 5 мыңнан асып кетті. Оған шамадан тыс шырын ішу –себеп, -дейді дәрігерлер.

Газдалған тәтті сусындардың зардабы шаш етектен. Дәрігерлер мұндай шырындардың зияны «темекі мен арақпен тең» дейді. Құрамында қанты көп болғаннан кейін балалар арасында түрлі ауру туғызады. Семіздікке алып келеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Негізі көбіміз көп ішеміз ғой коланы.
- Жүйке жүйесіне де бар, дерматологиялық ауруларға да алып келуі мүмкін.
- Иә, оның ішіне не қосылғанын білмейміз ғой. Лучше үйден компот қайнатып рген дұрыс.
- Барлық напитоктың өз мөлшері болады ішетін. Соған қарайсыз ғой. Аптасына бір рет, айына бір рет.

Көптің аңсары ауып тұратын газдалған сусынның жарты литрінде 10 күндік қант дозасы бар. Осыдан-ақ қатерді аңғаруға болады. Ал қантты мөлшерден тыс тұтыну балаға ғана емес, ересек адамның өзіне қауіпті. Диетологтар шырын семіздікті былай қойғанда, балдырғанның нерв жүйесіне аса қауіпті, - дейді. Нақтырақ, ой-өрісін шектейді.

Марал АЛМАҒАНБЕТОВА, ДИЕТОЛОГ:

Ол бауырға, басқа да ағзаларға, майдың жиналуына, ағзаның бұзылуына алып келеді. Тәуелділік пайда болады. Яғни, дофамин деп айтамыз. Ішкен кезде энергияның пайда болуы, көңіл-күйдің көтерілуі көрінеді. Соған байланысты сол ләззатты алу үшін қайта-қайта іше береді.

Ауру – астан екені мәлім. Жағдай күрделі. Басты назарда бала денсаулығы болуы тиіс. Дерт дендемесін десек, танымал брендтегі сусындарға салық салынуы керек, - дейді министрліктегілер. Бұл үрдіс әлемнің біраз елінде қолға алынған.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Күнделікті жұрт тұтынатын коланың жарты литрінде баланың он күн жейтін қантының мөлшері болады. Бұл сұмдық қой. Ойлаңызшы, барлық ағза шекермен бітеледі. Семіздіктен бастап, аурудың түр-түріне баланы өз қолымызбен шалдықтырып жатырмыз. Сол үшін мұндай сусындарға акциз салуды қолдаймыз.

Ал өндірушілер аурумен күресу үшін акциз енгізу дұрыс емес, - дейді. Өйткені салық мөлшері өссе, сәйкесінше, тауар құны қымбаттайды. Соңы, тіпті, кәсіпорындардың жабылуына әкеп соғуы мүмкін.

Жалпы елде ең көп шырын Алматы облысында, одан кейін Алматы қаласы мен Түркістанда өндіріледі.

«ХАЛАЛ ДАМУ» ЖШС:

Біз күнделікті дүкен сөрелерінен алып жүрген шырынымыз – концентратты сумен араластыру арқылы дайындалған, қалпына келтірілген шырын. Қайта қалпына келтірілген шырынның құрамында 1-10% дейін ғана табиғи шырын болады. Қалған 90%-ы – су және қоспалар.

Денсаулық сақтау министрлігі осыдан алты жыл бұрын мектепте газды, тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдер сатуға тыйым салды. Араға үш жыл салып қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қазақстандық өндірушілерден шырынның құрамындағы қант мөлшерін азайтуды сұрап, өтініш жасаған. Бірақ нәтиже көңіл көншітпеді. Бұдан ұғарымыз, әркім өз денсаулығына жауапты. Дәмі тәтті нәрсенің азабы қатты екенін ұмытпаған жөн.

ШЫРЫН ӨНДІРІСІ

 Алматы облысы - 27,9 млн литр

 Алматы қаласы - 4,7 млн литр

Түркістан облысы - 1,3 млн литр