Жуырда «Сүйемін сені, Алматы!» кинокартинасы жарыққа шығады. Бұл күн сайын миллиондаған тағдыр тоғысатын мегаполис тіршілігі мен ондағы тұрғындардың сан алуан оқиғаларын баяндайтын жоба. Киноальманах түрлі тақырыптағы новеллалардан тұрады.
Зор мүмкіндіктер мен Алатаудай биік мақсаттардың шаһары – Алматыға арман қуып қоныс аударатындардың қарасы көп. Әрқайсының басында өз уайым-қайғысы, жетістіктері мен қуаныштары бар. Киноальманахтың новеллаларының бірі жасөспірім ұлы бар жалғызбасты анаға арналған. Өмірден өз орнын табу үшін ол аянбай еңбек етеді. Ақыры ұлттық тағамдарды дәріптейтін кәсіп бастайды. «Әйелдің қиындыққа толы тағдыры көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық»,- дейді актриса Сәуле Жақсылыққызы.
Сәуле ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, АКТРИСА:
Қазақтың ұлттық тағамын қайтадан жаңғыртып, фаст-фуд жасайды. Шыж-мыж деп аталады. Сөйтіп бизнесі алға жүріп кетеді. Басынан көп қиыншылық өтеді. Өзі сол фудтракта тұрады. Сол жерде өзі тамақ сатады, кешке жақын баласы екеіу сонда қонады. Сөйтіп жанын бағып жүрген жалғызбасты ана туралы. Әрбір новелладан көрермен өзінің өмірінің бір бөлігін көре алады деп ойлаймын.
Келесі новеллада актер Қуаныш Жылжақсынов сомдаған кейіпкердің басты мақсаты – сүйген қызына қол жеткізіп, оның Алматыдан көшіп кетуіне жол бермеу. «Түсірілім жұмыстары бір демде өтті, оның барысында небір қызыққа тап болдық»,- деп бөлісті актер.
Қуаныш ЖЫЛЖАҚСЫНОВ, АКТЕР:
Жеке өмірде өзімнің бір мақсатым бар – транспортты айдай білу. Мопедпен, велосипедпен, самокат айдап шыққаным – сол қызық деп ойлаймын. Досымның арқасында, оның монтаждық қабілетінің арқасында қызымды алып қаламын. Өйткені досым жасаған видеоны қызыма көрсетіп, «осындай күшті күндер болып еді, Алматы осындай әдемі еді, сенсіз Алматы Алматы емес» деп қызымды Алматыда қалуын сұраймын.
Шытырман оқиғаға толы «Сүйемін сені, Алматы!» кинокартинасы 7-наурыз күні қалың көрерменге жол тартпақ.