Орал қаласындағы жылу қуат орталығы әбден ескірген. Жібі түзу жөндеу көрмеген кәсіпорын бүгінде еліміз бойынша қауіпті "қызыл аймақта" тұр. Дегенмен мұнда үш қазандық агрегаты мен турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Жылу желісінің 16 шақырымы жөнделген. "Еліміздегі жылу электр орталықтарының тозуы 66% болса, Оралдың көрсеткіші - 86%. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттама дайын болғасын, әкімдік дереу өтінім беруі тиіс, - деді өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов. Үкімет басшысы жылыту маусымы кезінде аймақтың тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді.
Бақытжан ӘКІМҒОЖИН, "ЖАЙЫҚЖЫЛУҚУАТ" АҚ БАСШЫСЫ:
2019-жылы жылу электр орталығын жаңарту мақсатында екі үлкен жоба жасақталған болатын. Соның бір жобасы - градирняны қайта құру жобасы былтырғы жылы бітіп, іске қосылған болатын. Қазіргі таңда екінші жобамыз - 1-бу турбинасын ауыстыру жобасының жұмыстары жүргізіліп жатыр.