Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс спикері Қостанайда жұмыс сапарымен болды

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2017
  • 2611

Парламенттегі автокөліктердің 90 пайызға жуығы Қазақстанда құрастырылған. Бұл туралы  Нұрлан Нығматулин Қостанайдағы жұмыс сапары барысында айтты. Мәжіліс спикері өңірдегі «СарыарқаАвтоПром» және «АгромашХолдинг», «Қостанай ұн комбинаты» секілді  ірі кәсіпорындарда болып, жұмысшылармен жолықты. Денсаулық сақтау саласының өкілдерімен де кездесіп, дәрігерлердің сауалдарына тұшымды жауап берді.

Парламент  Мәжілісі  төрағасының Тобыл өңіріндегі сапары «СарыарқаАвтоПром» және «АгромашХолдингтің» өндірістік алаңында басталды. Нұрлан Нығматулин кәсіпорынның жұмысымен танысып, осында  құрастырылатын  көліктерді  тамашалады. Мұнда қазір мыңнан астам  адам жұмыс істейді. Зауытта жас мамандарды үйрететін оқыту бөлімі бар. Кейбір жұмысшылар шетелге шығып, білімін жетілдіреді.

Әділ Шәйкемелов, «Сарыарқаавтопром» ЖШС қызметкері:

Біздің қызметкерлер Ресей, Жапония, Корея секілді шетелде жиі болады. Сол елдердегі осы секілді зауыттарға барып, жұмысын қарайды. Өздеріне керегін қарап, үйренеді.

Мәжіліс спикері кездесу барысында халық қалаулылары қабылдаған заң жобалары мен өзгерістер жайында әңгіме өрбітіп, Парламенттің атқарған жұмысы туралы баяндады. Кәсіпорын жұмысшыларының бірқатар сұрақтарына да жауап берді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған негізгі міндеттер туралы айтылды. Әсіресе тұрғын-үй, денсаулық, еңбек саласына және оларды заң жағынан қолдауға көңіл бөлінді. Осы жолғы айтылған барлық ұсыныстар, пікірлерге  алдағы заң шығару жұмысында ерекше назар бөлетін боламыз.

Мәжіліс төрағасы іссапар аясында аймақтың ақ халаттылармен жолықты. Көпшілік тарапынан міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі, балабақша, ауыз су, дәрігерлердің біліктілігін арттыру сияқты мәселелер көтерілді. Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласына қатысты түйткілді шешуге тырысып жатқандығын жеткізді. Алыс аудандар мен ауылдық жерлердегі дәрігер-мамандардың жетіспеушілігі шешімін табады деп отыр. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі жас мамандарды оқытуға қаржылай қолдау көрсетуге келісім беріпті.

Архимед  Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:


Жыл сайын ауылдық жерлерге 30-ға тарта жас маман жіберуді көздеп отырмыз. Оларға 2 миллион теңге көлемінде көтерме қаражат беріліп, баспанамен қатамтамсыз етіледі. Бірақ 7 жылға дейін сол жерде жұмыс істеуі керек. Осылайша кадр тапшылығын шешкелі отырмыз.

Дәрігерлер қауымы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жайында көбірек сұрастырды. Нұрлан Нығматулин салаға енгізілген жаңа жүйенің тиімді тұстарын атап, бұл жаңашылдықтың арқасында ақ халаттылардың айлығы өсіп, ал науқастар қаражатын үнемдейтіндігін айтты.

Заңғар САНАЙ