Русский Сайттың толық нұсқасы

"Токио Олимпиадасымен салыстырғанда жолдама саны аз болады", - министр

Париж Олимпиадасына спортшыларымыз 19 ғана лицензия жеңіп алған. Бұл Токиода өткен халықаралық жарыспен салыстырғанда өте төмен. Сәйкес кезең бойынша ол кезде қоржынға 30 жолдама түскен еді. Соңғы дүбірлі додаларда алтынның ауылы алыстай түскенін көрдік. Алдына жан салмайтын боксшыларымыздың өзі ақсап қалды. Сала министрі олқылықтың орнын толтыру үшін саңлақтарымыз қызу дайындық жүргізіп жатқанын айтты.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, ҚР СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРІ:

Алдағы уақытта әлі 60-қа жуық лицензиялық турнир бар. Бұл жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, лицензиялардың санын 70-тен асыру көзделіп отыр. Әсіресе, алдағы күндері Италияда өтетін турнирде боксшыларға зор сенім артылуда. Жалпы, Токио Олимпиадасымен салыстырғанда жолдама саны аз болады. Бірақ, біз сапаға мән беріп отырмыз.

"Париж Олимпиадасы Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты нығайта түседі". Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс осылай деді. Ол спортшыларымызға дүбірлі додада сәтті өнер көрсетуіне тілектес екенін айтып, Олимпиада бойтұмарын табыстады.

Дидье КАНЕСС, ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Бұл Франция үшін де, Қазақстан үшін де маңызды жарыс. Олимпиаданың Парижде өткізілуі спортпен қатар басқа да салаларда байланыстың артуына сеп боларына сенім мол.