Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында ақылы жолдың сапасы сын көтермейді

Түркістан облысындағы ақылы жолдардың сапасы сын көтермейді. Тіпті "Батыс-Европа-Батыс Қытай" жолы жүріске жарамай тұр. Көлік тақымдаған жүргізушілер салынғанына он жылдай ғана болған жолдың қазіргі күйіне көңілі толмауда. Ал жолға жауаптылар барлығын ауа райымен байланыстырып отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Дәл қазір мен «Батыс Европа-Батыс Қытай» жолының Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты бөлігінде тұрмын. Асты бетондалып, үсті бертінде ғана асфальтталған жолдың қазіргі сиқы мынау. Ойдым-ойдым, қырық жамау..

Жолдың жайын жүрген біледі. Түркістан мен Шымкенттің арасында жиі жүретін көлік иелері құдды тоқсаныншы жылдарға тап болғандаймыз дейді. Автобан екенін біреу айтпаса қазіргі сиқы сын көтермейді. Ақылы жолдың ақысын бір төлесек, кедір-бұдыр жолда бұзылған көлікті жөндетіп екі шығынданып жүрміз дейді.

Шымкенттен шыққасын кәдімгі гармошка сияқты. Жолдың жартысы ұшып кеткен. Содан кейін Түркістаннан шыққан кезде Ынтымақ ауылынан өткеннен кейін ба өте нашар жол. Жүру мүмкін емес. Кәдімгі асфальттардың беті ұшып кеткен.

Ойылып кеткен жерлері бар Түлкібасқа қарай жүрген кезімізде, осы Түркістанға қарай жүрген кезімізде. Ақылы жол болғаннан кейін тегіс жол болу керек қой. Уақытында төлейміз ақшасын.

Айта кетейік, «Батыс Европа-батыс Қытай» көлік дәлізінің 416 шақырымы Түркістан облысы аумағынан өтеді. Жаңа жолдың құрылысы өңірде 2010-2017 жылдар аралығында кезең кезеңімен салынды. Әу баста бетоннан құйылған жолдың біраз бөлігіне кейіннен қосымша жабын жабылған. Ташкент пен Шымкент арасындағы жолдың жайы да мәз емес. Жалпы өңірдегі ұзындығы 724,6 шақырым жол «Қазавтожолға» қарасты. Соның 322,5 шақырымы ақылы жол есебінде. Мамандар бүгінде бүлінген жолдың дер кезінде қалыпқа келтірілмеуін ауа райымен байланыстырып отыр. Қалың қардың да әсері аз болмаған көрінеді.

Қанат ЖОЛТАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда күннің ауа райына байланысты қазір именно осы учаскедегі ақауларды жөндеу мүмкін болмай отыр. Алдымызда наурыз айында 15 градустан жоғары температурада біз қалпына қайта келтіретін боламыз.

 «ҚазАвтоЖол» өкілдері бүгінгі таңда мердігерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Кепілдік мерзімі өткеніне қарамастан барлығын қалпына келтіріп береді деп сендіріп отыр.