Русский Сайттың толық нұсқасы

Алғыс айту күні еліміздің әр өңірінде кең көлемде атап өтілді

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мереке еліміздің әр өңірінде кең көлемде атап өтілді. Зұлмат күндері кең байтақ жерімізден пана тапқан ұлт өкілдері қазақ халқына қамқорлық үшін алғыс айтты. Белсенді жастар көше тазалаушылардың көңілін бір сергітті. Ал Шымкентте, «Алғыс керуені» ұйымдастырылды. Толығырақ аймақтағы тілшілер тарқатады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Алматыда бүгін мерекелік шараның түр-түрі ұйымастырылған. Дөңгелек үстел, концерт, театр қойылымдары, керек дегеннің бәрі бар! Бірақ қазір айтпағым ол емес. Мейірім мен ізгіліктің мейрамында шаһардың белсенді жастары көше тазалаушыларға алғыс айтып, ықылас танытты.

Күн-түн демей, қаланың тазалығын сақтап, тұрғындарға жайлы өмір сыйлау үшін қызмет етіп жүрген бұл жандардың еңбегі ерен. Еріктілер дәмді тіскебасарлар мен ыстық шәй ұсынып, жұмысшылардың жанына жылулық сыйлады.

Әбдисалан ҮМБЕТБАЕВ, «АЛМАТЫ ТАЗАЛЫҚ» МКК ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біздің жұмысымызды елеп-ескеріп, тура осы күнге келіп, бізді разы қылып жатқандарыңызға рақмет, әрине. Біз де қуаныштымыз. Негізі белсенді жандар көп. Кейде жаңбырлы кезде де келіп, шайымызды беріп кетеді. Қыста да келіп көмектесіп кетеді, оған енді мың алғыс айтамыз. Еңбегімізді елеп-еескеріп жатқандарына біздің де мәртебеміз өсіп қалады.

Белсенділер бұл әдемі дәстүрді медицина, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар арасында жалғастырды.

Бағдат АНАРБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР ФРОНТ-ОФИСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Күн суық болғандықтан біз шәй, бауырсақтар, тәттілер дайындаған болатынбыз. Волонтерлеріміз қызметкерлерімізге табстауда. Алғыс айту күніне орай алдағы уақытта пансионаттарда өмір сүретін ата-әжелерімізге алғыс айтып, концерттік бағдарлама дайындап барғымыз келіп отыр.

Алматыда бүгін ауа райы жаймашуақ. Тұрғындар бір-біріне алғыстарын жаудырып, мәре-сәре болып жатыр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Халқымызға алғыс айтамыз қазіргі таңда бейбіт өмір сүріп жатқанымыз үшін.
- Отбасым, туысқандарым, достарыма алғыс айтамын.
- Ата-анама мені дүниеге алып келген және оқытушыларыма, универіме рақмет айтамын. Және бірге жұмыс істеп жүрген достарыма, әріптестеріме алғыс айтамын.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Алматылықтардың бүгінгі көңіл-күйі осындай. Ал Орал тұрғындары мерекені қалай атап өтуде? Әріптесім Еркін Карин жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мөлдір, оралдықтар да көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бүгінгі мерекені кең көлемде атап өтті. Әсіресе зұлмат күндері қазақ даласынан пана тауып, осында өсіп-өнген ұлт өкілдерінің алғысы ерекше. Бүгін олар қуғынға түскен кезде өздерін қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен қазақ халқына ризашылығын білдірді.

Сталиндік қуғын-сүргін басталғанда елімізге 20 мыңнан астам кәріс қоныс аударған. Олардың ішінде Ольга Тюдің ата-анасы да бар. Қиыр Шығыстан Қазақстанға көшкен олар алдымен Қызылордаға бас тіреген, кейін Оралға орнығады. Қиын кезде де қолындағысын бөліп берген қазақтардың мәрттігін кәрістер әлі күнге жыр қылып айтады.

Бэлла ТЮ, КОРЕЙ ЭТНОМӘДЕНИ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Аударма: - Әке-шешеміз қазақтардың жақсылығын ешқашан ұмытқан емес. Шешем әлі айтып отырады. Қазақтар аштықта да, соғыста да бізге үлкен қамқорлық жасады, дейді. Бұл жақсылықтың қарымтасын қайтару мүмкін емес шығар? Бірақ осыны ұмытпаңдар деп балаларымызға ұдайы айтып отырамыз.

Қудалауға түскендердің арасында неміс, поляк, Солтүстік Кавказ халықтары, қырым татарлары мен қалмақтар да болды. Сол кездегі Орал облысының өзін 4 мыңнан астам өзге ұлт өкілі паналапты. Бүгін солардың ұрпақтары қазақ халқына алғыс ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ризашылығын білдірді.

Махамбет СҰЛТАНҒАЛИ, "ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ" КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің бабаларымызға үлкен рақмет! Осындай уақытында басқа ұлттарға көмектесіп, әрқашан да қамқор болып, бейбітшілікте тұрып жатырмыз. Басқа ұлттарға үй болған қазақ еліміз бейбітшілікте болайық, еліміз көркейіп, аспанымыз ашық болсын!

Алғыс айту күнінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар да ұмыт қалмады. Жомарт жандардың бастамасымен 150 отбасыға көмек ретінде азық-түлік себеті таратылды.

Бақытжан НАРЫМБЕТОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алғыс айту күні бұл қазақстандық патриотизмнің, достықтың, бірліктің нышаны десек болады. Жаңбырменнен жер көгереді дейді, алғыспенен ел көгереді дейді. Сол себепті де ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпының керемет көрінісінің жемісінің бір мысалы ретінде осы бір мерекені айтуға болады.

Бүгінгі мерекеде оралдық жастар ерекше белсенділік танытты. Жұмысы қарбалас дәрігерлердің көңілін көтеріп, полицейлерді де құттықтады. Қала көшелерін қар мен қоқыстан тазалап жүрген жұмысшыларды да билетіп, көңілін бір сергітіп тастады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Бүгінгі мерекеге аудан-ауылдар да ат салысып, жер-жерде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Айзада, сіздерде қалай болып жатыр?

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иа, Еркін Шымкентте де алғыс айту күні барынша сән-салтанатымен аталып өтті. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы күні қала тұрғындары мен қонақтары айрықша шараның куәсі болды.

Елдегі үшінші мегаполисте «Алғыс керуені» ұйымдастырылды. Орталық алаңнан түйеге мінген Абыз ақсақал бастаған топ қала көшелерімен «Алғыс» мемориалына қарай бет алды. Өнерпаздар жолай әндетіп, елдің назарын аударды. Наурыздың алғашқы күні расында күнгейде наурыздың басталғанын осылайша аңғартты.

 «Достық» үйінің алдында жалғасқан шарада әр сала қызметкерлеріне алғыс айтылды. Ән мен жырдан шашу шашылды. Мұнан бөлек «Алғыс» жазылған қоржындар тарту етілді. Ондағы ұлттық тағамдар қаламыздың дамуына атсалысқан түрлі сала өкілдеріне, тұрғындарға мерекелік тарту ретінде үлестірілді.

Эльмира ӨТЕПОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

12,37-«Алғыс керуіне» аты айтып тұрғандай бұл түрлі сала қызметкерлеріне, елге, жерге, үлкендерге, жас ұрпаққа, өскелең ұрпаққа үлкен алғысымызды білдіргіміз келді. Алғыс қоржынының ішінде ақ мол болсын деп сүт өнімдері, нан мол болсын деп –бауырсақ осы жердегі көрермендерге барша сала қызметкерлеріне табысталды. Біз өзіміздің мақсатымыз орындалды. Көпшіліктің ойынан шықты деп ойлаймыз.

Расында, алғыс айту - асыл қасиет. Жиналған көпшілік бір-біріне алғыс жаудырды.

Рамазан МАТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мен өзімнің барлық отандастарымды құттықтағым келеді. Өзімнің сүйікті қаламды, өзімнің Қазақстанымды осынау керемет мейрам үшін. Мен осы қаланы, осы елді қатты жақсы көремін. Мен осында туып, өстім. Бұл елде барлық ұлт бір отбасыдай өмір сүріп жатыр. Бүгін алғыс айту күні. Мен қазақ ақсақалдарына өзімнің алғысымды айтқым келеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елдегі үшінші мегаполисте бүгін бірқатар іс-шара болды. Соның бірі «Достық» үйіндегі мерекелік концерт. Мүнда да түрлі салада еңбек етіп жүрген үздіктерге алғыс хат табысталып, сый-құрмет көрсетілді