Елімізде алғаш рет пара үстел теннисінен халықаралық турнир өтті. Әлемнің 19 елінен жиналған 150 спортшы Париждегі Паралимпиада ойындарының жолдамасын сарапқа салды. Спортшылар «Астана Пара Оупен 2024» жарысында ұпай жинап, халықаралық рейтингте көрсеткішті жақсартты.
«Астана Пара Оупен 2024» турнирінің салтанатты ашылуына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Халықаралық пара үстел теннисі федерациясының басшысы Пабло Перес қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. дүбірлі додада Қазақстанның атынан 11 санат бойынша 53 спортшы бақ сынады. Ел намысын қорғаған теннисшілердің барлығы да байрақты бәсекеге үлкен дайындықпен келген.
Ерлан ҒАЗИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:
Мен 8 жылдан бері айналысып келемін, бұл 15-16-шы Халықаралық жарысым. 10 күн оқу жаттығу жиынында болдық. Осы жарыс лицензиялық жарыс болғандықтан бар күшімізді салып жатырмыз. Бұйырса жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын.
Жарысқа Астанадан Сәуле Айдарханова, Балзия Таш, Алтынай Ержанқызы сынды спорт шеберлері қатысты. Олар турнирге жарты жыл тыңғылықты дайындалған. Тактикалық, техникалық жағынан схема құрдық,- дейді жаттықтырушы.
Арнұр МҰРАТҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ ПАРА ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
Қазір Қазақстанда пара үстел теннисі өте жақсы дамыды. Жылдан жылға спортшылар саны да ұлғаюда. Деңгейлері де көтерілуде. Осындай кәсіби залдарда жарыс өткізіп, шетелдегі жарыстарға қатысып, деңгейіміз ақырын ақырын өсіп келе жатыр.
Медет БАЙКЕН, ҚР ҰЛТТЫҚ ПАРА ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Төрт спортшымыздың Париж паралимпиадасына рейтингтік ұпайлары жетіп тұр қазіргі таңда. Оларда мүмкіндік бар осы жарыстың арқасында көш бастап, жеңіс тұғырына шығады деген үміттеміз.
Жарыс үш күнге созылды. Еліміздің 23 дүркін чемпионы Галиа Беспалая күміс, Алтынай Ержанқызы қола жүлде иегері атанды.