Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Ресей Федерациясына барды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Ресей Федерациясына барды. Сапар барысында Ерлан Қошанов Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володинмен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ол Ресей Қазақстан үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес, тату көрші екенін және солай болып қала беретінін атап өтті. Бүгінде екі ел парламентшілері достық топтары, әртүрлі халықаралық және аймақтық ұйым аясында белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Заң шығару мәселелері бойынша тәжірибе алмасады. Ерлан Қошанов Мәжілістің Мемлекеттік Думамен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға зор мән беретініне тоқталып, Вячеслав Володинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ресей -біздің сенімді серіктесіміз әрі тату көршіміз. Бүгінде тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Жыл өткен сайын бұл қарым-қатынастар тек нығайып келеді. Биылдың өзінде екі ел арасында 600-дей құжатқа қол қойылды. Біздің көшбасшыларымыз оларды дамудың жаңа деңгейіне көтерді.

Сондай-ақ ресми сапар аясында Мәжіліс спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Ерлан Қошанов әріптесіне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстандағы маңызды өзгерістер туралы айтты.Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстан мен Ресей парламенттерін барлық мәселе бойынша берік достық пен өзара түсіністік байланыстыратынын атап өтті. Қазақстан депутаттарының заңнамалық бастамаларына қолдау білдіріп, осы бағытта белсенді түрде тәжірибе алмасуды ұсынды. Мәжіліс төрағасының ресми сапары одан әрі Қазан қаласында жалғасады. Онда Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановпен және Республика Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездеседі деп жоспарланған.