Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаңғыбас иттер мүгедектігі бар қызды талап тастады

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2024
  • 666

Жамбыл облысында қаңғыбас иттер адамға шабуылдап, жазым қылып жатыр. Өткен демалыс күндерінің өзінде аймақта осындай бірнеше оқиға тіркелген. Соның бірі – Айша бибі ауылында 10 шақты бұралқы ит 20 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызға шабуыл жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жол ортасында таланған бұрымдыны жеңіл көліктегі жолаушылар құтқарып қалған. Осыған ұқсас жағдай Тараздағы Барысхан алқабында да болды. Мектеп маңында қаңғыған иттер бастауыш сынып баласына шапқан. Қатты шошынған жеткіншекті көршілері арашалап қалған.

Айта кетейік, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген. Ал облыстық ветеринария басқармасы оқиғадан соң сол аймақтарға жедел барып, жүзге жуық иттің көзін жойған. Бірақ жыл басынан бері 2,5 мың салпанқұлақ ауланса да, апат азаймапты. Өйткені арадағы 2 айда қаңғыбас иттен зардап шектік деп мыңға жуық азамат арызданған.

– Биыл облыс бойынша итті аулап, жоюға 70 миллиондай ақша бөлінді. Былтыр 35 млн бөлінген. Бұралқы иттерді жою үшін көбірек көбейтіп жатырмыз. Иесі бар иттерге қатысты ұсыныс айтсақ. Полиция арқылы иттің иесіне айыппұл салу керек, – деді облыстық Ветеринариялық станция директорының міндетін атқарушы Ғабит Кебеев.