Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында ит талаған малдың өлексесі көбейді

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2024
  • 835

Төбеттер қойды талаған сәтте шопанның өзі арашалай алмаған.

Ал Алматы облысындағы аш иттер қорадағы қойға тыным бермей жатыр. Қаңғыбас төбеттер өрістен қайтқан малды аңдып, қараусыз қалғанын талап тастауды шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдің есін алған оқиға Алматы облысының Еңбекші ауылында болған. Көшенің қақ ортасында жатқан мына өлексе – аш иттердің азуынан арам өлген малдың бірі. Төбеттер қойды талаған сәтте шопанның өзі арашалай алмаған.

Өрістен қайтқан шопан сол күні мыңғырған малын осы көшемен айдаған. Бірақ-та қақ ортасына келгенде, дәл мына үйдің маңында, қойлардың біріне қаңғыған иттер қасқырша шауып, тамақтан алып, осы жерде қан жуса қылған екен. Бүгінде оқиға орнында өлексе жоқ. Дегенмен айналада қойдың жүні әлі шашылып жатыр.

«Әр үйде оқушы бала бар» деген жұрт төбеттердің адамға да қауіпті екенін айтты. Сөздерінше, иттер топтасып алып соңғы кезде азық-түлік ұстаған жанға жармасуды әдет қылған. Өлексе тасып, көшені де былғап біткен.

– Белден жоғары ит тістесе, несі қалады? Әсіресе кәрі кісілерге қиын. Қаша алмаймыз. Көшеде иттер көп жүреді. Өлген итті те сасып жатады, – деді Еңбекші ауылының тұрғыны Ұлту Медетова.

– Шамамен 3-4 ай бұрын иттер 10 жастағы баланы да талаған. Біраз жерін жарақаттады. Салдарынан ауруханаға жатқызуға тура келді. Айта кетейік, қаңғыбас иттер кеше пайда болмады. Бұл мәселе бұрыннан бар, – деді Еңбекші ауылының тұрғыны Усейн Умеров.

Ал әкімдіктегілердің айтуынша, бұл іске жауапты мамандар ит аулауға апта сайын шығып тұрады. Жергілікті билік мәселеден хабардар.

– Төрт-бес күн бұрын округімізге келген ит аулағыштар. Шамамен 25 ит ұстады. Аулаумен ғана шектелеміз. Заң бойынша итті атуға болмайды, оны білесіздер. Ертең ит атсаң жауапкершілікке тартыласың. Сондықтан аулаумен ғана айналысып жатырмыз, – деді Әйтей ауылдық округі әкімінің орынбасары Әкімжан Жүнісов.

Бұл істен бұралқы иттің саны азайғанымен, қатары сиремей тұр. Себебі ұсталған төбеттерді көбіне қожайыны алып кетіп, ертесі тура сол жануар қайтадан қаңғырады. Бұл – әкімдіктегілердің сөзі.

Айта кетсек, былтыр депутаттар осы ит-мысыққа қатысты заңды қайта қарау жөнінде бастама көтерген.