Русский Сайттың толық нұсқасы

Арнайы экономикалық аймақтар институты тиісті деңгейде дамымай отыр – Үкімет басшысы

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2024
  • 396

Арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қолдау шаралары инвестиция тартудың маңызды факторы саналады. Біз инвестицияларды жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, технологиялар трансфертіне және өндірістерді локализациялауға белсенді түрде бағыттауымыз керек. Бүгінде инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отыр. Дегенмен, қолдау құралдарын тиімді пайдалану және олардың сапасы бойынша сұрақтар бар», - деді Үкімет басшысы.

Мәселен, оның атап өтуінше, арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал, озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған.

«Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал, бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. Біздің Арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді. Сондай-ақ біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз. Бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ», - деді Олжас Бектенов.