Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2024
  • 628

Мәулен Әшімбаев Президентке Сенаттың реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарының өткен айлардағы қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берді.

Президенттің елімізді және өңірлерді дамытуға бағытталған тапсырмаларының жүзеге асырылуы Сенат үшін негізгі басымдық саналатынын айтты.

Қазіргі уақытта әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, трансферттік баға белгілеу, халықтың көші-қоны, байланыс және цифрландыру, ғылым және білім мәселелеріне қатысты заңдар сенаторлардың қарауында жатқанын жеткізді.

Сенаторлар ғылым, сот жүйесін реформалау, органикалық өнімдердің айналымы, қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау жөніндегі 10 заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынған.

Биыл Бюджет, Құрылыс, Су, Салық және Цифрлық кодекстерін, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Масс-медиа туралы» және «Жылу энергетикасы» туралы заң жобаларын қарау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстанның Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның жұмысы туралы баяндады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының қызметін таныстырды.

Қазіргі кезде съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр.

Сенаттың мәслихат депутаттарымен арадағы жұмыс жандана түскенін айтты.

Бұл іске «Өңір» депутаттық тобы мен Сенат жанындағы жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес белсенді атсалысуда.

Биыл еліміздегі мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толады.

Осыған орай сәуір айында халықаралық конференция өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдаудың рөлі зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың дамуына барынша көмек көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты деп санайды.

Оның пікірінше, бұл іске жергілікті өкілді органдардың депутаттарын кеңінен тарту қажет.