Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да кәсіпорын 45 кг сынапты заңсыз сақтап келген

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2024
  • 640

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасының бірінші кезеңін аяқтады.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Дәрмек» жедел алдын алу шарасының мақсаты — есірткінің заңды айналымы саласында құқық бұзушылықтарды анықтау.

Бес күн ішінде тәртіп сақшылары облыс аумағындағы 55 өнеркәсіптік және медициналық мекемені тексерді.

Соның он үшінде заң бұзушылықтар анықталды.

«Құрамында есірткі бар препараттарды сақтау мен пайдаланудың қатаң ережесі бар, бұл олардың „қара нарыққа“ енуіне жол бермеу үшін қажет. Тексеру нәтижелері бойынша жауапты тұлғаларға қатысты 24 әкімшілік хаттама толтырылды. Барлығы 16 кг 720 гр прекурсор, 1030 ампула және 120 психотроптық дәрі, 394 есірткі ампуласы тәркіленді. Сондай-ақ, кәсіпорындардың бірінде жойылуы тиіс сынаптың қоры табылды. Улы заттың жалпы салмағы — 45 кг», — дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Іс-шараны өткізу кезеңінде СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 1 келіден астам синтетикалық есірткі тәркілеп, өткізудің екі фактісінің жолын кесті.