Русский Сайттың толық нұсқасы

Балық өнімдеріне сұраныс жоғары, бірақ салада маман жетіспейді

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2024
  • 795

Балық шаруашылығы саласында маман жетіспейді. Былтыр бұл мамандықты 20 ғана жас таңдап, студент атанған. Ал су маржанына сұраныс жоғары. Қазақстандық өнімге өзге елдегілер де қызығушылық танытуда. 

Алматылық кәсіпкер Марлен Тұрсынәліұлы 14 жылдан бері балық өсірумен айналысады. Шаруашылықты дөңгелетіп қана қоймай, саланы дамыту үшін «Балық мектебін» ашқан. 500 адамға балық өсірудің қыр-сырын оқытқан, қазір оның 200-дейі өз кәсібін жүргізіп отыр. Ал өзінің кәсіпорнында құбылмалы бахтах, сазан, бекіре көбейтіледі, 3 қожалықтан жыл сайын 600 мың тонна өнім өндіреді.

Марлен ТҰРСЫНӘЛІҰЛЫ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Біз балықтарды бұл жерде 100 грамнан бастап, 1,5-2 кг-ға дейін өсіреміз. Қазіргі таңда Қазақстанның бес қаласына тапсырып жатырмыз. Ресей мемлекетіне шығарсақ деген ойымыз бар. Олармен де келісімшарт жасалып отыр.

Элеонора ӘЗІРЖАНОВА, ТІЛШІ:

Міне, менің қолымда жұрт сүйсініп жейтін форель балығы. Мұның өсіп жетілу мерзімі бір жыл. Нарықтағы бір тоннасы 2 млн 800 мың теңге шамасында. Жыл сайын 40 тонна шығарылады. Ал енді түсер пайданы өзіңіз есептей беріңіз. Өте табысты кәсіп. Десе де елімізде мамандар жетіспейді. Себеп неде?

Балжан СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

Мамандардың аз болуы негізінен жастар арасында насихатталуының төмен болуынан деп ойлаймын. +биыл мемлекеттен алпыс шақты грант бөлінді. Бірақ сол игерілмей, бізде Қазақстан бойынша жалпы бес университетте мамандық болатын болса соған жиырма шақты ғана талапкер тапсырып, сол оқуға түсті.

 Жастардың дені шынымен мұндай мамандық бар екенін білмейтін көрінеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

1. Егер айналамда балық шаруашылығына қатысты ақпарат көп болғанында мен соны таңдар едім. Өйткені балық шаруашылығы кәсібінің табысы мол екенін енді біліп отырмын.

2. Балық шаруашылығы деген қазіргі таңда Қазақстанда дамып келе жатқан мамандықтардың бірі болып табылғандықтан, менің ойымша жақсы мамандық. Түсуге болады.

Әлемде балық өндірісінде көш бастаушы елдер: Қытай, Жапония, Корея. Нутрицологтардың айтуынша адам бір жылда 16 кг балық жеу керек. Бұл тізімде де Қытай алда, онда әр тұрғын жылына 45 кг балық тұтынады. Ал қазақстандықтар 4-5 кг-ға жетер жетпес балық жейтін көрінеді.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЗЕРТТЕУШІ:

Балық етінің, балық өнімдерінің денсаулыққа пайдасы зор. Онда В, С витаминдері, ақуыздар өте мол. Адамның ағзасына тез сіңеді. Балық етін жеген адам қан тамырлары ауруларына, қан қысымы, жүрек сондай ауруларға ұрынбайды. Сондықтан да біз отбасымызда балық етін аптасына екі рет тұтынуға тырысамыз.

«Балық шаруашылығын дамыту - 2050» стратегиясы аясында кәсіпкер шабақ сатып алар болса, оған кеткен шығынның 50 пайызын, балық өсіруге кеткен жемнің отыз пайызын, инвестициялық субсидияға кеткен шығынның да 30 пайызын ғана мемлекетке қайтарып береді. Сарапшылар мұндай қолдаудан кейін елдегі балық өнімділігі алдағы 3-5 жылда 50 пайызға өсетінін айтады.