Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда «Есірткі мафиясы» қылмыстық ісіне қатысы бар тағы бір полицей сотталды

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2017
  • 2419

«Ұйымдасқан топ өкілдерінен алған ақшаны өзге қылмыстарды ашуға жұмсадым». Есірткі бизнесін «қалқалап» келген қостанайлық экс-полицей сотта осындай мәлімдеме жасады. Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған ол жазаға кесіліп, шенінен айрылды. Атышулы «Есірткі  мафиясы» қылмыстық ісіне қатысы бар 15-ші полицейдің сотына Заңғар Санай да қатысып қайтты.

Заңғар Санай, тілші:

Сот ашық өткенімен, сотталушы ақпарат құралдарының өзін түсіруіне қарсылық білдірді. Тәртіп сақшысы, заңсыз әрекет жасағандарды жазаға тартудың орнына, олардың қылмысын жасырып, ұйымдасқан топтың мүддесін қорғап, қызметі үшін топ өкілдерінен 2011-12 жылдар аралығында әртүрлі мөлшерде пара алып отырған. Бұл әрекеті әшкереленіп Қылмыстық кодекстің 307 бабы 4 тармағы бойынша бас бостандығынан айрылды.

Батырбек  Құдабаев, Қостанай қалалық № 2 сотының судьясы:

Ақшалай  және  есірткі заты түрінде үнемі сыйақы алған. Аса ірі көлемде есірткі сатқан ұйымдасқан топ өкілдеріне қылмыстық әрекет жасауға ықпал ету арқылы қабылдаған антын бұзып, қасақана ауыр  жемқорлық қылмысқа жол берген.

Жазаға кесілген Жарас Байтұрсынов кінәсін толық мойындап, қылмыстық істің  қысқартылған тәртіпте қаралуын өтінді. Мемлекеттік айыптаушы оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда, рақымшылыққа ілінген сақшының мерзімі едәуір азайды. Шенінен айрылған экс-полицей енді 7 жылға дейін құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды.

Батырбек  Құдабаев, Қостанай қалалық № 2 сотының судьясы:

Байтұрсыновқа тағайындалған жазаның төрттен бір бөлігі қысқартылып, 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан және 7 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айрылсын. Меншігіндегі дүние-мүлкі тәркіленсін.

Заңғар Санай, тілші:

Бұған дейін үй-қамақта болған  Байтұрсыновтың қолына сот  залында кісен салынды. Ол - «Есірткі мафиясы» деген атышулы қылмыстық іс бойынша жазаға кесілген 15-ші полицей. Аймақта тәртіп сақшыларының алғашқы легі 2014 жылы сотталған. Ол кезде ұйымдасқан топ жетекшілерімен сыбайласып, көлеңкелі бизнеске жол берген Ішкі істер департаментінің бұрынғы 10 қызметкері 2 жылдан 20 жылға дейін жаза арқалаған еді.  Былтыр тағы 4 экс-сақшы кінәлі деп танылды. 

Заңғар САНАЙ