Русский Сайттың толық нұсқасы

"Күнде біздің жұмыста қарбалас, ал мереке күндері одан сайын қыза түседі", - маман

Телеарна арулары үшін мереке күні демалыс деген ұғым жоқ. Тіпті, төл мейрамдарында да жұмыста жүр. Аяулы арулар көрерменге ақпарат жеткізу үшін еңбек етуден шаршаған емес. Біз тікелей эфирде жеткізіп жатқан жаңалықты әзірлеуде тілшілерден бөлек, кадр сыртында қаншама қызметкер тер төгеді. Сүндет Оралбек камерадан тасада жүретін бұрымдыларды түсірді, мерекемен құттықтады.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Бүгінгі мереке көктемнің шуағын сездіруде. Қыздарымыз қыр гүліндей құлпырып, көңілдері нұрға, жүректері жырға толып, айналысына шуақ шашуда. Көңілдерін көтеріп, мерекелерімен құттықтап, сыйлықтарымызды табыстадық.
Эльмира ханым, мерекеңіз құтты болсын! Көктемдей құлпырып жүре беріңіз, еңбегіңіз жемісті болсын!

Көрерменге әрбір детальмен дем беріп, әсерлі кадрлармен баурап отыру - маңызды. Сюжеттің сапалы шығуын бақылайтын Эльвира Бекарыстанова Астана телеарнасында қызмет етіп жүргеніне 10 жылдан асты. Осы уақыт арасында мыңдаған эфирді сәтті өткізді. Қаймыққан кезі жоқ. Жүрегі нәзік болғанымен Эльвира жұмыс десе батылдана түседі.

Эльвира БЕКАРЫСТАНОВА, РЕЖИССЕР:

Телевидение саласында режиссер болу жауапкершілікті талап етеді. Режиссер болу бір жағынан қызықты, біржағынан ауыр жұмыс деп айтсам болады. Өйткені сен бұл жерде өзіңе ғана жауап бермейсің. Сен жаныңдағы командаңа да жауап бересің. Операторға да, планды жақсы алу үшін, дыбыс режиссерына да, дауыстың жақсы шығуы үшін, асистентке де, суфлерды дұрыс айналдыруы үшін барлық командаға жауап бересің.

Түсірілім тобының әрбір минуты қымбат. Дер кезінде ақпарат алып, оны таспалап, эфирге әзірлеуге асығады. Сол жұмысты үйлестіруде Құралайдың қызметі маңызды. Көлікті дер кезінде дайындау қажет, діттеген жеріне секундта кешікпеу керек.

Құралай ТӨРЕХОДЖАЕВА, ДИСПЕТЧЕР:

Күнделікті жұмыс қарбалас біздің жұмыста. Мереке күндері қыза түседі. Аяқасты түсірілімдер болып қалады, оқыс оқиға болып қалады. Соның барлығына түсірілім тобы үлгеруі үшін жағдай жасап отырмыз.

Қазіргі әлеуметтік желі дамыған заманда ақпараттың шынайы әрі жылдам халыққа тарауы маңызды. Осы тұста СММ мамандарының рөлі ерекше. Олар күн, түн демей әрдайым үздіксіз еңбек етеді. Түрлі платформаларда телеарна көрермендеріне жаңалық жеткізеді.

Ұлжан АЛТЫНХАН, SMM МАМАНЫ:

Тілшілер оқиға орнынан дереу жаңалықты баяндау керек болса, біз олардан да жылдам сол жаңалықты әлеуметтік желіде таратуымыз керек. Біздің отбасымыз да ол жайында біледі. Біздің жұмыстың ерекшелігі жайында, бізді түсінеді, әрдайым қолдайды. Осындай мамандық. Біздің 24/7 жұмысқа толық берілуімізді талап етеді.

Телеарна - бұл шығармашылық ордасы. Тірлігі қауырт, жауапкершілігі үлкен. Әрбір қызметкердің өзіндік міндеті бар. Оны мінсіз атқаруға барын салады. Аяулы арулар, ардақты әріптестер өздеріңізге деген құрметіміз ерекше.