Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық Михаил Кукушкин Швейцариядағы турнирдің ширек финалына шықты

  • AstanaTV
  • 07 наурыз 2024
  • 1405

Қазақстандық, әлемнің 140-ракеткасы Михаил Кукушкин Лугано (Швейцария) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, - деп хабарлады KAZINFORM.

Доданың 5-ракеткасы болып тіркелген 36 жастағы қазақстандық спортшы екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 181-орында тұрған ұлыбританиялық Билли Харриске қарсы келді.

Бірінші партияда 29 жастағы Б.Харрис 6:2 есебімен басымдық көрсетті. Есесіне екінші сетте М.Кукушкин есе қайтарды – 6:3. Шешуші, үшінші партияны теннисшілер брейк алмасумен бастады – 1:1. Бұдан кейін Михаил қатарынан бес геймді алды – 6:1.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Харрис 11 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, бұған дейін Манама (Бахрейн) мен Тенерифе (Испания) челленджер жарыстарында чемпион атанған Михаил Кукушкин жеңіс сериясын 14 матчқа жеткізді.

М.Кукушкин ATP Live рейтингісінде қазіргі сәтте 134-орынға көтеріліп тұр.

Қазақстандық теннисші Лугано жартылай финалына шығу үшін әлемнің 122-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергспен таласады.