Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда есірткі жасырып, таратты деген күдікпен екі әйел ұсталды

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2024
  • 611

Петропавлда 700 грамнан астам синтетикалық есірткімен екі құрбы ұсталды. Күдіктілер тыйым салынған затты арнайы орынға жасырып, таратуды кәсіп еткен.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавлдағы жұмысшы кентінде Toyota RAV 4 автокөлігімен жүрген екі әйелді ұстады. Олардың бірі – 33 жастағы қала тұрғыны. 2022 жылдың қыркүйек айында әйелдің күйеуі есірткі жасырып, таратқаны үшін сотталып, қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Алайда бұл зайыбына сабақ болмаған.

Көліктің ішінде оның 36 жастағы құрбысы болған. Әйелдерді және олардың тұрғылықты мекенжайларын тінту кезінде 700 грамнан астам ұнтақ және кесектелген зат тәркіленді.

Сараптама нәтижесі оның тұз деген атаумен белгілі α-PvP синтетикалық есірткісі екенін көрсетті.

«Сондай-ақ есірткіні буып-түюге арналған материалдар тәркіленіп алынды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Есірткіні аса ірі көлемде өткізу үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске саламыз. Қазіргі уақытта 33 жастағы қала тұрғыны қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр. Келіп түскен ақпаратқа сәйкес күдіктілер бұл қылмыспен 4 айға жақын уақыт айналысқан», – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.