Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматының «Алғабас-6» ықшам ауданындағы апатты деп танылған үйдің тұрғындары баспаналарына кіре алмай жүр

  • AstanaTV
  • 17 қаңтар 2017
  • 3182

Алматының «Алғабас-6» ықшам ауданындағы апатты деп танылған көп қабатты үйдің тұрғындары әлі баспаналарына кіре алмай жүр. Билік өкілдері мен бас мердігер 72 отбасыны тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа пәтерлерге қоныстандырамыз деген еді. Алайда ол уәде орындалмады. Бірі жалдамалы пәтерде, енді бірі туыстарының үйінде жүрген тұрғындар әбден қажығанын айтады. Ал құрылыс компаниясының өкілдері жаңа салынған 9 қабатты үйді пайдалануға беру үшін тиісті құжаттарды реттеу жұмысы созылып кеткенін алға тартқан.

Марат Ыбраев - бір жағына қисайып қалған көп қабатты үй тұрғындарының бірі. Көпшілікпен бірге ол да баспанасын тастап, пәтер жалдап күнелтуде. Тамызда «Астана құрылыс» компаниясы апатты үй тұрғындарына арнап жаңа үйдің құрылысын бастаған. Жоспар бойынша тұрғындар ол пәтерлерге 1-ші желтоқсанда көшуі тиіс еді. Алайда алғабастықтарды жаңа баспанаға қоныстандыруға ешкім асығар емес.

Марат Ыбыраев, тұрғын:

Құрғақ уәдеге әбден тойдық. Бірінші желтоқсанға үлгермеген құрылысшылар тәуелсіздік күні қарсаңында үйлеріңе кіресіңдер деген. Сосын жаңа жылға қалдырды, одан соң 5 қаңтар, кейін 15 қаңтар деді. Мен соларға сеніп жалдамалы пәтерімді босатып беріп, өзім далада қалдым. Уақытша тіркеуге тұратын жерім де жоқ.

Тұрғындар «Астана құрылыс» компаниясының кеңсесіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білуге тырысқан. Ондағылар тоғыз қабатты үйдің берілетін күнін әлі нақтыламапты. Мердігер мекеме өкілдерінен қандай да бір түсінік алу бізге де мүмкін болмады. Есесіне, Алатау ауданының әкімі жағдайдан хабардар екенін айтты. Оның сөзінше, құрылыс аяқталған, баспаналардың кілті қаңтардың аяғынан қалмай табысталады.

Бағдат Мәнізоров, Алматы қаласы алатау ауданының әкімі:

Кейбір тұрғындар бұрынғы үйде қаламыз деп отыр. Бұрынғы үйді де жасады ғой. Ұсақ-түйектер қалды. Бітті деп отыр. Олар акт ввода эксплуатациясын бітіре алмай отыр. Осының 30-ы бітіреміз дейді. Мүмкін, одан да ерте бітіп қалар.

Қисайған үйдің орнына тура сол жобамен мынадай үй салынған болатын. Бүгінде тоғыз қабатты үйге жылу беріліп, жеделсаты да орнатылған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қазір құрылысшылар мұндағы 72 пәтерлі көпқабатты үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын 90 пайызға аяқтаған. Енді ыстық және суық су берілсе, алдағы 10-15 күнде тұрғындар қоныстануы мүмкін. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір мұнда абаттандыру жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Марат Ыбраев болса, туыстарының үйін сағалап жүр. Тағы біраз күтуден өзге амалы жоқ. Айта кетейік, «Алғабас-6» ықшам ауданында былтыр маусымда №136 үйдің тұрғындары шұғыл эвакуацияланған болатын. Ертесінде мамандар баспананың 30 сантиметрге ауытқығанын анықтады. Арнайы комиссия көп қабатты үйді апатты деп танып, тұрғындар үшін жаңа баспана салуға шешім қабылдаған. Жақында Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми зерттеу институты «Алғабас-6» шағын ауданында 7 үйді беріктендіруге тапсырыс алып, мердігер кәсіпорындар іске кіріскен.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ