Русский Сайттың толық нұсқасы

Лас вагонға шағымданған жолаушы моральдық шығын өндіріп алды

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2024
  • 835

Ақтөбелік әйел лас вагон үшін моральдық шығын өндіріп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі "Жүк Тасымалы" АҚ-нан жолаушылар пайдасына материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық істі қарады.

Былтырғы жылдың тамыз айында азамат К. өзінің кәмелетке толмаған қызымен бірге "Атырау-Ақтөбе" бағыты бойынша пойызға теміржол билеттерін сатып алған. Вагонға отырғаннан кейін жолаушылар вагонның антисанитарлық жағдайда екені: лас, шаң, жуынуға арналған крандардан лас су ағып жатқанын анықтаған. Орындарды ауыстыру немесе басқа вагонға орналасу туралы өтінішке вагон бригадиры бас тартқан.

Талап қоюшы полиция қызметкерлерін шақырды, олар вагондағы санитарлық бұзушылықтардың фото видеожазбаларын алып кеткен. Талап қоюшы өзінің және кәмелетке толмаған қызы лас сумен жуынуына және пайдалануына, лас вагонда ұйықтауына тура келгенін, олардың денсаулықтарына қауіп төнгенін көрсете келе, соттан билет құнын қайтаруды және моральдық залалды өндіруді сұрады.

Антисанитарлық жағдайлардың фактісі азаматтық іс материалдарымен, учаске басшысы мен нұсқаушыға қатысты қозғалған әкімшілік істермен расталады. Соттың шешімімен жауапкерден жолаушылардың пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және 200 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығынды өндірілді.

Билет құнын өндіру туралы талапты сот қанағаттандырудан бас тарту қажет деген қорытындыға келді, себебі олар билет бойынша белгіленген орынға жетті, яғни тасымалдау шартының талаптары толық орындалды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.