Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент кімге тазы сыйлады?

Парижде сөз салған ғашықтарға Франция Президенті бақыт тіледі. Махаббаттан басы айналған қазақ жастарын көргенде Макронның өзі құттықтап, бірден екі итін еске алды. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президентке екі тазының күшігін сыйлаған еді, соны айтса керек. Мемлекет басшысы одан басқа тағы бірнеше адамға тазы тарту еткен. Тоқаевтың бұл жануарға деген ықыласы ерекше екенін білеміз. Өзінде қазір қаншауы қалды екен? Әріптесім Аружан Задабек айтады.

Бізде сыйлықтың түрі көп. Ал бір-біріне тазы сыйлау – нағыз кұрмет емес пе? Мұндай ерекше сый жасауды Мемлекет басшысы әдетке айналдырған. Қазір Президенттің 3 тазысы бар, оның бірі – Наурыз. Бұл жануарды былтыр Мемлекет басшысына ит асыраушы Анна Захарова берген. Наурыз 1 жас 4 айға толды.

Президент үшін тазы ерекше құрмет екенін ұғынса керек, Түркіменстанның бұрынғы басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов те Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір кездері тазы сыйлаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев тазыны сыйлыққа алып қана қоймай, оны өзгеге тарту еткенді де ұнатады. Былтыр қарашада Мемлекет басшысының шақыртуымен Астанаға Франция Президенті Эмманюэль Макрон келді. Этноауыл көрмесін аралап, қазақ халқының бай мұрасымен танысты. Сол сәтте Макронға қазақы тазының тұқымы ерекше ұнап қалды. Сөйтіп Тоқаев франциялық әріптесіне жануарды сыйлауға уәде берген. Кейін Парижге қазақы тазының бес айлық екі күшігі жеткізілді. Оларға Жюль және Жанна деген жарасымды есім берілген. Бастысы күшіктер Макрон отбасының Немо есімді қара лабрадорымен «достасып» үлгерді.

Президенттің сыйы Макронға қатты ұнаса керек, әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Жақында желіде Парижде сүйгеніне сөз салған жігіттің видеосы тарады. Ғашықтарды көрген Франция Президенті оларға жақындап бақыт тілеген. Ізгі ниетін айтып қана қоймай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі тазы бергенін мақтанышпен еске алды.

Мемлекет басшысы әнші Димаш Құдайбергенге де тазының күшігін сыйлаған. Бұл туралы халық сүйіктісі өзінің Инстаграм парақшасында айтып, сүйіншілеген. Димаш жаңа досына Ғарышкер деп есім берді.

Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН, ӘНШІ:

Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған. Бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті». Осындай баға жетпес сыйлық үшін президентімізге алғыс айтамын!

Тазыға деген құрметі ерекше Тоқаев қана емес. Итке жаны құмар Президент көп. Мәселен, Джо Байденнің Чэмп және Мейджор деген екі төбеті бар. Ал Ресей басшысы Владимир Путиннің 7 иті болған. Украина президенті Владимир Зеленский де үй жануарларын жақсы көреді. Үйінде екі күшік асырайды. Бұған дейін Александр Лукашенко да өзінің аппақ жануарымен көзге түсті.