Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстаудың ең биік нүктесінде "Бірлік оты" жағылды

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2024
  • 734

Маңғыстаудағы Отпан тауда "Бірлік оты" жағылды. Ізгілік пен татулықтың алауы Наурыз мерекесінің басталғанын білдіреді. Ақтаудан 150 шақырым жердегі "Адай ата – Отпан тау" рухани-мәдени кешенінде мерекелік шаралар басталып, онда 50-ге жуық киіз үй тігілді. Шара халықаралық деңгейде өтіп жатыр.

Отпан тауға жиналып, от жағу -маңғыстаулықтардың ежелден келе жатқан дәстүрі. Тарихқа үңілсек, қазақ елге қауіп төнген сәтте тау басында от тұтатып, көмек шақырған. Тауда жанған алау барлық жерге көрінген. Батырлар шұғыл аттанып, жауға қарсы шапқан. Бүгінде бұл - ата дәстүр бірлік пен ізгіліктің, татулық пен тұрақтылықтың белгісіне айналды.

Бекмұрат ЖҮСІПОВ,  ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Бір жылдан бері соған дайындық жасап жатырмыз. Бұл тек қана бүгінгі шара емес, бүгінге дейін де бірнеше шаралар өтті. Ақындардың мүшайрасы болды. Қарилардың жарысы болды, құран оқудан. Амалдың негізгі мақсаты бұл бір-бірімен халық көрісу, татуласу. Сондықтан біз оны «Бірлік» оты деп атадық.

Отпан тауда 2008 жылдан бастап бұл мереке кеңінен аталып өтеді. Содан бері "Бірлік" оты мереке кезінде ата-бабаларды еске алу үшін жағылады.

Нұрбол ХАЛИЕВ, ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Биыл Амал мерекесі қарсаңында от жағу дәстүрін Мұңал ата ұрпақтары өз жауапкершілігіне алған. Бүгін «Бірлік» алауын Қосай ата ұрпақтарына тапсырамыз.

Жылдың басты мерекесін тойлауға 10 мыңнан астам адам жиналды. Мұнда еліміздің өзге өңірлерінен бөлек Түркия, Өзбекстан және Қарақалпақстаннан қонақтар келді. Амал мерекесі бұл елдерде де өте танымал.

Маңғаз Маңғыстаудың ең биік нүктесінде өтіп жатқан мерекелік шарада ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ өнерпаздар мерекенің көркін қыздырды. Жергілікті қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті.