Қарапайым
жұмыртқа қорабы қазақстандық қаражаттың шетел асуына себепкер болып келді.
Күнделікті тұрмысқа қажетті затты бұған дейін Ресейден сатып алатын едік.
Осылайша миллиардтаған қаржы өзге елге кететін. Енді бұған жол жоқ. Отандық жас
кәсіпкер Астана іргесінен шағын зауыт ашып, отандық өніммен бүкіл республиканы қамтамасыз етуге бел буды.
Бұғанасы қатпаған, бірақ үлкен болашағы бар зауыт жайлы тілшіміз таратады.
Сағатына
4 мың, жылына 20 миллион дана жұмыртқа қорабы. Бұл жақында ашылған кәсіпорынның
қуаттылығы. Астана іргесіндегі өндіріс орны болашақта ел нарығынан шетелдік
өнімді ығыстыруды көздеп отыр. Өйткені бұл салада отандық өнімнің үлесі өте
төмен екен. Мұндай зауыт осы уақытқа дейін республиканың екі өңірінде ғана
болған.
Сергей
Янулис, «Экопак Астана» ЖШС директоры:
Біздің
алдағы жоспарда, нақтырақ айтқанда, қаңтар айының ортасынан 2 ауысым, ақпан
айының басында 3 ауысымды жұмыс кестесіне көшу. Қосымша жұмыс орындарын ашып,
қырыққа жуық адамды жаңа жұмыспен қамтамасыз етуді қарастырып отырмыз.
Осы
уақытта дейін қарапайым қорапты отандық өндірушілердің басым бөлігі көрші
Ресейден алып келген. 1 данасы 13 теңге тұрса, жылына қанша млрд теңге шекара асып келгенін, санай
беріңіздер. Енді отандық өндіруші осы сала нарығын жаулап алуды көздеп отыр.
Қазірдің өзінде республикада ең көп жұмыртқа өндіретін Қарағанды және Ақмола
облысындағы кәсіпорындармен келісімдерге қол қойған. Жаңа өнімді өндіруге
толығымен отандық шикізат қолданылады.
Максим
Божко, «Шаңырақ БК» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:
Шағын
зауыттың тағы да бір ерекшілігі - ол қайта өңделген қағаз қалдықтарын қолданады.
Экологиялық мәселелерді де шешуге ат салысамыз. Іргеміздегі Астана қаласында
күніне 30-40 тонна макулатура жиналса, соның 5-7 тоннасын біз сатып алып
отырамыз. Зауыттың ашылуы арқылы көптеген кәсіпорындардың бойына қан
жүгіртеміз. Басты импорттық тауарларды нарықтан ығыстырамыз.
Жаңа
кәсіпорын Қазақстан бойынша жұмыртқа және құс етін өндіруде жетекші орын алатын
«Шаңырақ БК» серіктестігіне қарасты. Жас кәсіпкер Максим Божко басқаратын
өндіріс орнының өнімі қазірдің өзінде сапасының арқасында ел арасында танымал
тауар. Бұған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпазы
атанғандығы дәлел. Енді жаңа фабриканы да отандық өндірушілердің алдыңғы
қатарына шығаруға тырысамыз, дейді бизнесмен.
Берік
ХАСЕНОВ