Астана қаласының маңында су тасқыны болуы мүмкін 20 аумақ бар. Оның басым бөлігі Алматы ауданына тиесілі. «AMANAT» партиясының депутаттары қауіпті аймақтарға барды, Есіл өзеніндегі бөгеттерді көрді. Құтқарушылар бұл аумақтарды ерекше бақылауға алған. Жағдай, әсіресе, жеке секторлы үйлер орналасқан аумақтарда күрделі.
Қанат ЕСТЕК, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мына дамбы қазіргі кезде жалғыз дамбы болып есептеледі. Ұзындығы 31 шақырым. Егерде Есілге су толатын болса, одан кейін суды жіберетін болса, 20 млн болса да, осы жаққа келудің өзі 1 апталық уақытты алады. Ал көп көлемді су келетін болса, 18-20 күндей суды ұстап тұра алатындай жағдайы бар.
Қала тұрғындары мен оған жақын орналасқан елді мекенді сумен қамтамасыз ететін қойманың сыйымдылығы – 410 млн текше метр. «Нұра-Есіл» каналы мен «Майбалық» көлі арасында орналасқан канал қардан тазартылды. Қаладағы жалғыз бөгет су тасқыны маусымына дайын тұр.
Әлібек ЖАЙЛАУОВ, «АСТАНА ҚАЛАСЫН ЕСІЛ ӨЗЕНІНІҢ ТАСҚЫН СУЛАРЫНАН ҚОРҒАУ» БӨГЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Соңғы ауа-райының болжамы бойынша биылғы жылы 100-160 млн су келеді деген болжам бар. Ал бірақ 150-160 млн бұл тек Астана су қоймасына келетін су. Бұл бекетке келсе, бұл жердің сиымдылығы 450 млн.