Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде ұлттық спорт түрлері дамып келеді

Тобыл өңірінде ұлттық спорт түрлерінің көші ілгері.Әсіресе көкпар, садақ ату, тоғызқұмалақ ойындарының көкжиегі кеңейіп,қанатын кеңге жайып келеді. Тобыл өңірінің көкпаршылары тұңғыш рет ел чемпионатында екінші орын иеленсе, мерген қыз Аяулым Аппазова «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын алды.

Тобыл өңіріне садақ ату өнерін әкелген Аяулым Аппазованың жетістігі көп.Мерген қыз екі жылдың ішінде ел чемпионы атанып, әлем кубогында алтын және күміс алқа алды. Алғаш «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын алған арудың шәкірттері де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Олар Қазақстан чемпионатында және Ұлттық ойындар фестивалінде топ жарып, жеңімпаз атанды. Ендігі көздегені Дүниежүзілік көшпенділер ойыны.

Аяулым АППАЗОВА, «АЛТЫН ТҰҒЫР» ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

Қостанай облысындағы біздің мектепке екі жыл болды.Балалар қазір тегін жаттығады. Сондықтан қазір біз бесінше Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық жүргізіп жатырмыз.

Тобыл өңірінде тоғызқұмалақ ойыны да көш басында тұр. Бұл күні аймақтағы 3 мыңнан астам адам осы ойынға құмар.Олардың арасында респуликалық, халықаралық жарыс жеңімпаздары жетерлік. Облыстың он ауданындағы спорт мектептерінде тоғызқұламақ бөлімдері бар.

Батырхан ӘБІЛБЕКОВ, АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Соңғы екі-үш жылдың өзінде Қостанай облысының жастар мен жасөспірімдер арасында ҚР чемпиондары шықты. Былтыр ғана Румынияда өткен Әлем кубогінде Меңдіқара ауданының оқушысы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жансая Смайылова чемпион атанды.

 Нағыз білектілер мен жүректілер ойыны көкпардың да көкжиегі кеңейіп келеді. Серке тартқан серілер мен сейістер қатары қалың.Тіпті биліктегі атқамінер де тізгін тартып, атқа қонды. Аймақтың қалталы азаматтары да қолдау көрсетіп, Қостанай көкпарына жанашырлық танытып жүр.

Нұрғиса ИСМАҒАМБЕТОВ, ТОБЫЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің жастарға, біздің өсіп келе жатқан балаларға қолдау керек. Сонымен қатар мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Бірге шауып, халықпен жамағатпен бірге арасында осылай көкпар ойнағанға не жетсін.

Тобыл өңірінің командасы тұңғыш рет ел чемпионатында екінші орын иеленді. Ресейде өткен халықаралық фестиваль аясында қырғыз командасына төтеп беріп, жеңіс туын желбіретті. Тұсында мінуге тұлпар таппаған көкпаршылар командасында қазір 60 айғыр бар.

Бақдәулет АСАНОВ, ҚОСТАНАЙ КӨКПАР КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Ең бірінші бізде жұмыс істеп жатқан ұлттық ат спорт мектебі бар. Одан кейін Қостанай көкпар федерациясы бар. Және де осы біздің елдің тізгінін ұстап отырған азаматтар, осы ат спортына оның ішінде көкпарға қызығушылығының арқасында осылай қарқынды түрде дамып жатыр.

Тұңғыштар мекені саналатын Тобыл-Торғай жерінде ұлттық спорт түлеп, рухты ұрпақ талай доданы бағындырып жатыр. Жеткіншектер жеңіс тұғырына көтерілу үшін жан-жақты жағдай жасалған. Атқа құмар балалар үшін жабық манеж салынды. Жуықта осы Заречный кентінде спорт кешенінің есігі айқара ашылады. Онда қазақ күресімен айналысатын жасөспірімдердің жеке залы болады. Айтқандай ұлттық спорт мектебінің шәкірттері Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған «Бала Мұқан» турнирінде топ жарып,алтыннан алқа тақты.