Астанаға АҚШ көкпаршылары келді. Ұлттық құрама мұхиттың арғы жағынан келген шабондоздармен серке тартысып, шеберлік байқасты. Жолдастық кездесу Ұлттық спорт күніне орайластырылды.
Ұлттық спортымыз – тек сайыс пен жарыс емес. Онда көшпелі тұрмыстың рухы бар, Ұлы Далада күш-қайрат, ептілік, өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылыс, жақындарына тіреу болу қабілеті өмір сүру мен дамудың кілті саналады.
Есет БАЙКЕН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Елімізде биылдан бастап Наурыз мейрамын тойлауға байланысты. Наурызнама он күндігі жарияланған болатын. Солардың бірегейі бүгінгі спорт күні. Елімізде соңғы жылдары ұлттық спортты дамытуға, ұлттық кодымызды жаңғыртуға деген ерен құлшыныс байқалады. Ел басшысы осыған ерекше, көңіл бөліп, Ұлттық спорт қауымдастығы жаңа түледі
Іс-шара аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер қойылды. Тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сабақтары өтті. Қонақтарға тазы және бүркіт көрсетіліп, құсбегілік өнер таныстырылды.
Исламбек САЛЖАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Биыл қыркүйекте Астанамызда үлкен халықаралық іс-шара өтейін деп жоспарланып жатыр 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Соған біз 100-ден астам мемелекет, 5 мыңнан астам спортшы, 15-20 мыңнан астам шетелдік туристер келуі жоспарлануда.
Астана мен АҚШ құрамалары арасындағы жолдастық кездесу көрермендер үшін тосынсый болды. Қазақ құрамасын белгілі көкпаршы Құрманбек Тұрғынбек бастады. АҚШ құрамасының жетекшісі - америкалық ковбой Лэдд Хауэлл. Бұл көкпар тартудың – әлем елдеріне кеңінен тарап, халықаралық дәрежедегі спортқа айнала бастағанын көрсетеді.
Лэдд ХАУЭЛЛ, КӘСІБИ КОВБОЙШЫ:
Бұл менің қатысқалы отырған алғашқы Көкпар жарысы. 2018 жылы Қырғызстанда болғанымда көкпар ойынын көріп, ойнап көргенім бар. Үлкен дайындықпен келдім. Қыркүйек айында көшпенділер ойынына міндетті түрде командамызбен келеміз.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына бүгінде 10 федерация кіреді. Өткен жылы федерация спортшылары 12 халықаралық жарысқа қатысып, 95 медаль жеңіп алды, оның 35-і – алтын.