Русский Сайттың толық нұсқасы

Құлдық пен жезөкшелік құрбандарына өтемақы төленуі мүмкін

«Жезөкшелік притондардың қызметін полицейлердің өзі ұйымдастырады». Депутаттар осылай дейді. Өйткені құйтырқы істі іске асыратындардың үстінен қанша арыз түссе де ұсталмайды. Көңілге күдік ұялатқаны – осы. Жыл сайын әлемде миллионға жуық адам жоғалады. Ал елімізде бір жылдың ішінде 100-ге жуығы тірі тауарға айналған. Жоғалған жандар не жыныстық қызметпен айналысады не құлдыққа түседі. Мәселені шешеді деген құзырлылардың да осы іске қатысы болса, енді кімнен үміт күтеміз? Аружан Задабек тарқатады.

Қазір әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көрсету, адам ағзасын сату туралы жарнама көп. Бірақ ұсталып жатқаны аз. Бұған полицейлердің қатысы болуы мүмкін. Былтыр 5 қызметкер жезөкшелік притондарға көмектескені үшін ұсталған. Ал депутат Бақытжан Базарбек бұл статистикаға сенбейді. Іс жүзінде одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Депутаттың тағы біраз сын айтқысы келіп еді. Әттең. Наурызда көңіл-күйімді құртқым келмейді деп қайырды.

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сұрағымды қатты-қатты айтайын десем наурыз келіп тұр. Наурызда қатты айтуға болмайды негізінде. Бірақ мәселе өте өзекті.

Депутаттың бұл сауалын Ішкі істер министрі жақтыра қоймады. Не дегенімен қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой.

Енді жеңгетайлар бұрыңғыдай оңай құтылып кетпейді. Сайран салып, лас жолмен миллион табу артта қалды. Притон ұстау ауыр қылмыс санатына жатқызылуы мүмкін. Тіпті, құлдық пен жезөкшелік құрбандарына өтемақы төлеу мәселесі де қаралып жатыр. Мәжіліс осы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ерлан СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі, яғни «притон ұстау және жеңгетайлықты» «интернет желісі арқылы» жасау деген жаңа саралау белгісі көзделді.

Статистикаға қатысты сын бұл ғана емес. Елімізде қыз алып қашу дәстүрі әлі де бар. Оны көз көріп жүр. Бірақ министр мұнымен келіспейді. Жылына тек 1-2 арыз түседі деп жылы жапты. Ал депутат Анас Баққожаев Қазақстан қыз ұрлау бойынша Эфиопиямен бірдей тұр дейді.

Анас БАҚҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Оны көбі қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Өзіңіз білесіз, біздің қазақ құда түсіп, жөн-жоралғысын әдемі орындайтын халық. Бірақ осы экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты 90-жылдары ондай фактілер болды.

Тірі тауарға айналғандардың арасында қыз-келіншектер көп. Адам саудасының құрбаны болғандардың 71% - әйел. Депутат Елнұр Бейсенбаев мұнымен күресу үшін заңнаманы күшейтіп, жазаны қатаңдату қажет, - дейді.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Адам саудасы мәселесі – адамдарды Конституциямен бекітілген негізгі құқықтары мен бостандықтарынан айыратын жаһандық проблема. Осыған қарсы барынша күш-жігер салынып жатқанына қарамастан, БҰҰ-ның Адам саудасы жөніндегі жаһандық есебіне сәйкес, жыл сайын миллиондаған жан осы қатерлі сауданың құрбаны болады.

Қыз ұрлау былай тұрсын, арамызда нәрестені тауарға айналдырғандар бар. Шақалақты сатуға қымсынбайды. Тіпті болмай жатса көшеге тастап кетеді не балалар үйіне өткізеді. Бірі бүлдіршіннен құтыла алмай жүрсе, енді бірі соған зар. Қазір сәби сүйе алмай жүргендер жиі бала асырап алатын болған. Бірақ олардың 64% балдырғанды жетімдер үйіне қайта өткізеді.

Ерболат САУРЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

2020 жылы 160 бала қайтарылды. 2021 жылы 197 бала қайтарылды. 2022 жылы 217 бала қайтарылды.

Мәселені шешу үшін оқу-ағарту министрлігі «кәсіби асырап алушы отбасы» институтын құруды жоспарлаған. Заң жобасын да әзірлепті. Қазір ол Мәжіліс қарауында.


.