Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы «Наурыз Фест» фестивалін тамашалады

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2024
  • 520

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Абай» алаңында өтіп жатқан халықаралық «Наурыз Фест» фестиваліне барды.

Бұл шығармашылық шара Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына біріктірді. Шетелдік қонақтар өздерінің декоративті-қолданбалы өнер туындыларын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырып, халық әндерін шырқады.

Алаңда шараға қатысушы елдердің шатыр-шеберханалары, ұлттық тағам павильондары, киіз үйлер тігілген қазақ этноауылы, интерактивті алаңқайлар, балалар шығармашылығы және роботты техника аймағы, инсталляциялар, шағын сәулет нысандары мен композициялар орнатылған. Фестиваль бағдарламасы аясында музыкалық ұжымдар шеруі, театрландырылған қойылымдар, отандық және шетелдік қолөнершілер жәрмеңкесі және «Қамшы» атты көрме ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысына оқушылардың роботты техника саласындағы озық әзірлемелерін көрсететін инновациялық алаң – «Робо-киіз үй» таныстырылды.

Бұл жұмысты Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, Global Challenge 2023 чемпионатының абсолютті жеңімпаздары Дәмелі Шаймерденова, Иманәлі Көксал, Сергей Гапонов, Нұрсұлтан Жанұзақов, Нұрислам Тұрғынбай әзірлеген.