Алматыдағы «Нұр Алатау» шағын ауданында жауын-шашын салдарынан жолдың бір бөлігі опырылып түсті.
Оның видеосы әлеуметтік желіде пайда болды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, толассыз жауған жаңбыр салдарынан 22 наурызда «Нұр Алатау» шағын ауданында орналасқан Қ.Салықов көшесі бойының бір бөлігі опырылып түсті. Мердігер компания қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Әкімдіктен атап өткендей, 2014 жылы қалаға қосылған «Нұр-Алатау» шағын ауданындағы Қ.Салықов көшесінің бойында арық жүйесі жоқ болатын. Су тасқынының алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша қаланың орталық бөлігіндегі арық желілері мен нөсер кәріздерін салу және қайта жаңарту жобасына жоғарыда аталған көше қосылды.
Аталған жобаны жүзеге асыру аясында «АлматыДорСтрой Компани» ЖШС мердігерлік ұйымы 2023 жылы Қ.Салықов көшесінің бойында жалпы ұзындығы 1 350 метр су бұру арық жүйесін салу жұмыстарын бастады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын осы жылдың сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарда.