Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда ер адам өзінің 3 баласына қорлық көрсетті деген күдікке ілінді

«Балаларыма қорлық көрсетті!». Алматылық әйел осылай деп шырылдайды. Айтуынша, үш бірдей перзенті өзімен бірге тұрған азаматтың құрбанына айналған. Әуелі 14 жастағы жасөспірім қызға тиісе бастаған ер адамның көзі кейін өзінен туған екі кішкентай ұлға түскен көрінеді. Сұмдық жағдайға тап болған әйелдің талабы – оны ата-ана құқығынан айыру. Алайда оның талап-арызын еститін құлақ, әзірге, болмай тұр.

Бұл аудиожазбаны түрін жасыруды өтінген әйел жылдар бойы сақтап жүр. «Бір шаңырақтың астында тұрып жатқан ер азаматтан мұндай сорақылықты күтпедім»,- дейді ол. Бар мәселе 2019 жылы басталған. Дәл сол уақытта жолдасының жасөспірім қызға орынсыз назарын байқап, іс-әрекетінің өзгергендігіне күдіктене бастапты. Көп ұзамай кіші ұлымен жалаңаш күйінде бір төсекте жатқанын байқап, суретке түсіріп алыпты. Ал 2021 жылы бой жетіп қалған қызы өз еркімен бар сырын жайып салған. Сөйтсе, «әкем» деп жүрген азамат жас қызды денесінен сүйіп, тиісіп, төсекке тартқан көрінеді.

Әлия, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Оның педофил екенін айта бастасам, маған қоқан-лоқы көрсетіп, өзімді соққыға жығатын. Өгей қызы былай тұрсын, бірақ ортақ екі ұл балаларымызға да қорлық көрсетеді деп күтпедім. Мен сол күні полицияға арыз жаздым. Одан кейін прокуратураға шағым түсірдім. Сонда ғана қылмыстық іс қозғалды. Мен барлық суреттер мен аудиожазбаларды көрсеттім. Оның дәріханадан вазелин мен мүшеқаптарды сатып алғанын дәлел ретінде келтірдім.

Әлия тәртіп сақшыларының әрекетсіздігіне налиды. «Келтірген дәлелдерімді полиция қызметкерлері ескермеді»,- дейді. Сөйтіп 2023 жылы екінші рет қылмыстық іс қозғалды. Бірақ одан да еш нәтиже шықпапты.

Әлия, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үш баламды да сот-медициналық сараптамаға жіберді. Проктолог маман тексерді. Нәтижесінде үлкен ұлымның артқы мүшесінде өзгерістерді байқады. Ер азаматымның қолы ұзын. Ықпалды таныстары көп. Сол себепті жауакершіліктен құтылып кетті. Бізде, тіпті, психологиялық-криминалистикалық сараптама жасайтын мамандар да жоқ екен. Бұл істе көптеген заңбұзушылықтар болды.

Ал полиция қызметкерлері «тергеу амалдары толыққанды жүргізілді»,- дейді. Бас прокуратура да «қылмыстық құрам жоқ» деген ұйғарымға келген.

Салтанат ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижесінде барлық тергеу амалдары жүгізілді. Бұл дерек ресми дәлелін тапқан жоқ. Сұрақ-жауап алу процедуралары жүргізілді. Нәтижесінде бұл деректің орын алмауына көз жеткіздік. Яғни, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы, 2 - тармағы бойынша қылмыстық іс тоқтатылды.

Адам айтса сенгісіз жағдайдан есеңгіреп қалған әйел балаларға қорлық көрсеткен адамның жазаға тартылғанын қалайды. Және оны ата - ана құқығынан айыруды талап етуде.