Елордада 4 тонна насыбай жойылды. Зиянды өнімнің бағасы 20 млн теңгеден асады. Акцияны Астана қаласы әкімдігі мен полиция департаменті ұйымдастырды. Тексеру жұмыстары басталғалы жиналған өнім зиянды қалдықтарды жою жөніндегі мамандандырылған машинада өртелді.
Елімізде 18 наурыздан бастап насыбай мен вейпке қарсы рейд жұмыстары жүргізілуде. Тексеру кезінде 5 ауданнан 140 мыңға жуық насыбай пакеті тәркіленді.
Самат ИБРАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Шараға тиісті сала мамандарымен бірге белсенді жастар мен еріктілер атсалысуда. Тек Астана қаласының емес, басқа өңірлердің жастарын бізге қосылуға және салауатты өмір салтын насихаттауға шақырамыз.
Қазір тыйым салынған өнімдерге көбіне 25-ке дейінгі жастар құмартып жүр. Сондықтан рейдтік шаралар жыл соңына дейін жалғаса бермек, дейді депутат Арсланбек Мағзұм.
Арсланбек МАҒЗҰМ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Басты мақсатымыз – біздің жастарымыз келешек, болашаққа дұрыс жолмен барса деген ниетпен осы акцияны өткізіп отырмыз. Біз осы акциямен тоқтамаймыз. Рейдтік акциялар әрі қарай системалық түрде жүргізілетін болады.
Алып күш иесі Сергей Цырульников жасөсіпірімдердің назарын спортқа аударып, түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілу қажет екенін айтады.
Сергей Цырульников, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ЕЛШІСІ:
Қазір жастар аталған зиянды заттарға тәуелді болып барады. Ұйымдастырылып отырған шара еліміздің зиянды өнімдерге қарсы екенін, жастардың денсаулығына аса мән беретінін аңғартады. Сондықтан біз зиянды әдеттерден аулақ болып, керісінше, спортпен шұғылданумыз қажет.
Бір аптада 5 аудандағы 500-ден астам сауда орнына тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 70-ке жуық фактісі анықталды. Оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтар да табылды.